Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Жоғары білім құны: оқу ақысы қалай өзгеріп, еңбек нарығы не талап етеді

Қазақстанда жоғары білім құны 10,8%-ға өсті. Оқу ақысының өсу себептері, өңірлердегі айырмашылықтар, гранттар мен еңбек нарығының талаптары туралы талдау.

Жоғары білім құны: оқу ақысы қалай өзгеріп, еңбек нарығы не талап етеді
Сурет: inform.kz

Жоғары оқу орындарында білім алу жыл сайын қымбаттап келеді. Бұған инфляция, университеттердің шығындары мен саладағы реформалар әсер етеді. Kazinform тілшісі оқу ақысының қайда жұмсалатынын және оған әсер ететін негізгі факторларды талдады.

Оқу ақысы неге өсті?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда жоғары білім беру қызметінің құны өткен жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға қымбаттаған. Алайда өңірлердегі өсім біркелкі емес: Атырау облысында оқу ақысы 36,3 пайызға, Түркістан облысында 19,6 пайызға, Маңғыстау облысында 15,2 пайызға, Қостанай облысында 1,8 пайызға, Шымкентте 15,4 пайызға, Астанада 15 пайызға өскен. Алматы облысында баға өзгеріссіз қалған.

Сурет: inform.kz

Сарапшылар мұны әр ЖОО-ның даму бағытымен байланыстырады. Әр университет материалдық-техникалық базаны жаңартуға, оқытушылар құрамын жетілдіруге және басқа да қажеттіліктерге жеке қаржы саясатын қолданады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, соңғы жылдары университеттердің шығыны айтарлықтай артқан: оқытушылардың жалақысын көтеру, зертханаларды жаңғырту, білім беруді цифрландыру, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және жатақханалар салуға қомақты қаржы жұмсалуда. Бұл шығындардың бәрі оқу ақысына әсер етеді.

Министрлік университеттерге бірыңғай оқу ақысын белгілемейді, алайда бағаны негізсіз көтеруге қарсы екенін білдіріп, оқу ақысын белгілеу кезінде білім беру грантының көлемін ескеруді ұсынады.

Сурет: inform.kz

Сарапшылар не дейді?

Экономист Сапарбай Жұбаев оқу ақысының өсуін экономикалық ахуалмен байланыстырады. «Егер жыл сайынғы инфляция 10–12 пайыз деңгейінде болса, жоғары білім құнының шамамен сондай қарқынмен өсуі заңды. Бұл – объективті экономикалық үдеріс», – дейді ол. Оның пікірінше, өңірлердегі баға саясаты да маңызды: елордалық университеттерде оқу ақысы бұрыннан жоғары, ал өңірлерде талапкерлер саны аз болғандықтан, баға төмен болып келген. Енді аймақтық ЖОО-лар бағаны көтеріп, нарықтық деңгейге жақындап келеді.

Қазір жетекші ұлттық университеттерде бір жылдық оқу құны 1–4 млн теңге аралығында болса, өңірлік университеттерде 550–700 мың теңге шамасында.

Сурет: inform.kz

Оқу ақысы қолжетімді ме?

Оқу ақысынан бөлек, студенттер пәтер жалдау, азық-түлік және жол ақысына да қаржы жұмсайды. ЭЫДҰ-ның зерттеуіне сүйенсек, дәл осы қосымша шығындар ауыл жастарының жоғары білім алуына кедергі келтіреді. Әлеуметтану ғылымдарының докторы Еділ Нұрымбетов жоғары білімнің қолжетімділігі «әлеуметтік лифт» ретіндегі қызметін сақтау үшін маңызды екенін айтады. «Егер жоғары білім алу қолжетімсіз болса, онда сала „әлеуметтік лифт“ ретіндегі қызметін жоғалтады», – дейді ол.

Мемлекет гранттар мен квоталар санын көбейтіп, «Серпін» және «Келешек» бағдарламаларын жүзеге асыруда. Басымдық инженерлік, медициналық, педагогикалық, аграрлық және ІТ мамандықтарға берілген. Алайда үміткерлер санының артуына байланысты мәселені шешу қиындап келеді: биыл мектепті 215 мыңға жуық түлек бітірсе, бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 200 мың шамасында еді.

Сурет: inform.kz

Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, дабыл қағуға негіз жоқ: «Бүгінде студенттердің жартысынан көбі мемлекет есебінен білім алады. Көптеген мамандық бойынша грант үлесі 55–60%-ға дейін жетеді». Ол сондай-ақ техникалық бағыттарда грант көп бөлінетінін, ал экономика, құқық және гуманитарлық мамандықтарда бәсеке жоғары екенін атап өтті.

Диплом жұмысқа кепілдік бере ме?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 1,8 миллионнан астам жас университет бітірген, 1,6 миллионы техникалық және кәсіптік білім алған. Жастарды ең көп жұмыспен қамтитын сала – сауда (643 мың жас), ал ақпарат және байланыс саласында 102,4 мың, қаржы секторында 96,5 мың адам жұмыс істейді. Бұл жастардың көбі оқыған мамандығына сәйкес емес салада еңбек ететінін көрсетеді.

Еділ Нұрымбетовтің айтуынша, әлемде «диплом экономикасынан» «дағды экономикасына» көшу үдерісі жүріп жатыр. Оксфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, жұмыс берушілер үміткердің тек білімін ғана емес, өзгеріске бейімделу, күрделі жағдайда шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу дағдыларын да ескереді. Сондықтан студенттер оқу мен жұмысты қатар алып жүруге тырысады, себебі тәжірибе дипломнан кем бағаланбайды.

Жоғары білім беру жүйесіндегі басты мәселе – оқу ақысы емес, университеттердің экономика сұранысына сай маман даярлау қабілеті. Қазір ЖОО-лар кадр даярлаудың жаңа моделіне көшіп, мемлекет қаржыландыру мен грант бөлу тетігін жаңартып, жұмыс берушілер түлектерді тәжірибесі мен дағдысына қарай бағалай бастады.