Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда үш жылда 217 жаңа мектеп салынды

Қазақстанда үш жылда 217 жаңа мектеп салынып, 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешілді. Ауылдық жерлерде 84 мектеп бой көтерді.

Қазақстанда үш жылда 217 жаңа мектеп салынды
Сурет: aikyn.kz

Үкіметтің мәліметінше, соңғы үш жылда «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп бой көтерді. Оның ішінде 2024 жылы 105, ал 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді.

Осының арқасында 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешілді. Сонымен қатар 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы азайды. Жаңа нысандардың басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында салынды.

Ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Ауылдарда жаңа форматтағы 84 мектеп салынып, 130 мыңнан астам ауыл баласы заманауи білім ортасына қол жеткізді. Жаңа мектептердің ауданы бұрынғы типтік жобалардан орта есеппен 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталуы 4 еседен астам жоғары.

Мектептер заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушыларға жылжымалы трансформер-парталар мен жеке шкафтар беріледі, әр қабатта ауыз су бұрқақтары орнатылған. Шығармашылық пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін әмбебап шеберханалар, студиялар мен бастауыш кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған.

Білім ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Кеңістіктер оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған: бастауыш және жоғары сыныптарға бөлек блоктар жасалған. Қауіпсіздік заманауи техникалық шешімдермен қамтамасыз етіледі, ал мектептер ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға бейімделген.

Жаңа инфрақұрылым мұғалімдердің дайындығын талап етеді. Биыл 1,6 мыңнан астам педагог STEM-білім беру, жаратылыстану-ғылыми пәндер, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлерінде тәжірибелік семинарлардан өтті. 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инклюзивті білім беру және «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытылды.

Мектеп директорларының басқарушылық құзыреттерін арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 200-ге жуық директорға «Келешек мектептері» маусымдық академиясын, ал 200-ге жуық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға оқыту семинарын ұйымдастырды.