Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +20° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мерзімді әскери қызмет өтеген 1745 азаматқа білім гранты берілді

Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеген 1745 азаматқа мемлекеттік білім беру гранттары берілді. Ең танымал мамандық — ақпараттық технологиялар.

Мерзімді әскери қызмет өтеген 1745 азаматқа білім гранты берілді
Сурет: aikyn.kz

Қазақстанда мерзімді әскери қызметін аяқтаған 1 745 азамат мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Грант иегерлерінің арасында ең танымал мамандық — ақпараттық технологиялар. Оны 234 адам, яғни 13,4 пайыз таңдаған. Екінші орында — орман шаруашылығы (136 адам, 7,8%), үшінші орында — коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар (134 адам, 7,7%). Ақпараттық қауіпсіздік бағытын 119 адам (6,8%) таңдаған.

Жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті көш бастап тұр — 156 грант иегері (8,9%). Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 144 адам (8,3%) таңдаған. Үшінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бөлісті — әрқайсысына 134 адамнан (7,7%) түскен.

Грант иегерлерінің бірі — Әлихан Жамбылов. Ол ақпараттық қауіпсіздік мамандығын таңдаған. «Ақпараттық қауіпсіздік мамандығын саналы түрде таңдадым. Бүгінде цифрлық технологиялар барлық салада қолданылады. Сондықтан ақпаратты қорғау саласы маманына сұраныс жоғары. Әскери қызметті өтегеннен кейін грант алу мүмкіндігі мен үшін үлкен ынталандыру болды. Ендігі міндетім — сапалы білім алып, білікті маман атану», — деді ол.

Әскери қызметшілерді іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық жобасы аясында жүргізіледі. Мерзімді қызмет барысында әскери қызметшінің цифрлық рейтингі қалыптастырылады. Онда жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртібі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Рейтинг қорытындысы бойынша ақпараттық жүйе білім беру гранттарын автоматты түрде бөледі. Бұл іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын болдырмайды.

2024 жылы мерзімді әскери қызметшілерге шәкіртақы төленетін мемлекеттік білім беру гранттарын алу және жатақханадан орын беруде басым құқыққа ие болу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Сонымен қатар белгіленген мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар тікелей әскери қызмет барысында өткен іріктеу нәтижелері бойынша жоғары әскери оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие.

Білім алуға берілетін жеңілдіктер мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған шаралардың бірі болып табылады. Олар жастардың запасқа шыққаннан кейін білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуына қосымша мүмкіндік береді.