Талғардағы мұздықтан табылған сүйек 19 жыл бұрын жоғалған альпинистікі болып шықты
Алматы облысындағы Северцев мұздығынан табылған адам сүйегі 19 жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен альпинистікі екені анықталды.
Алматы облысындағы Северцев мұздығынан табылған адам қалдықтарына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Беларусь туристері тау бөктерінен кездестірген мәйіттің 19 жыл бұрын із-түзсіз жоғалған альпиниске тиесілі екені анықталды.
Марқұмның туыстары бұл жайтты әлеуметтік желідегі жарияланымдар арқылы білген. Жоғалған азаматтың қызына құрбысы құтқарушылар түсірген суреттерді жіберген. Сол кадрларда ол әкесінің ескі кеңестік станокты рюкзагын бірден таныған.
Осыдан соң отбасы құқық қорғау органдарына хабарласып, тергеушілерге архивтік фотосуреттер мен қажетті құжаттарды тапсырған. Полиция рюкзакты тексеру кезінде жоғалған ер адамның атына берілген жеке куәлігін тауып, мәйіттің кімге тиесілі екенін анықтаған.
Марқұмның қызы таудан адам сүйегін байқап, тиісті қызметтерге дереу хабарлаған Беларусь туристеріне алғысын білдірді. Олардың қырағылығы мен азаматтық жауапкершілігі мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін Алматы облысының таулы аймағындағы Северцев мұздығынан адам сүйегі табылғаны хабарланған. Құтқарушылар мәйітті тікұшақпен қауіпсіз жерге эвакуациялап, Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан түсірілген бейнематериалды жариялаған.




