Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +34° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Дәріхана көп, бірақ баға неге түспейді: нарықтағы парадокс

Қазақстанда дәріхана саны артып келеді, бірақ дәрі бағасы төмендемейді. Нарықтағы парадокс: бәсеке неге бағаны төмендете алмайды?

Дәріхана көп, бірақ баға неге түспейді: нарықтағы парадокс
Сурет: inform.kz

Қазақстанда дәріхана саны жыл санап артып келеді, алайда дәрі-дәрмек бағасы төмендеудің орнына өсіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегінше, елде әр 10 мың тұрғынға 4,9 дәріханадан келеді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) елдеріндегі орташа көрсеткіштен (2,9) шамамен 70%-ға жоғары. Дегенмен, қазақстандықтар дәрінің қымбаттығына жиі шағымданады. Неліктен бәсеке бағаны төмендете алмай отыр?

Нарықтағы сандар

ДДҰ мәліметінше, 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда 9 131 қоғамдық дәріхана жұмыс істеген. Оның 94,4%-ы жекеменшік, 5,6%-ы мемлекеттік. Дәріханалардың 67%-ы қалаларда, 33%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Ең көбі Алматыда – 1 146 нысан, бұл республикадағы барлық дәріхананың 13%-ы. Ал Атырау облысында небәрі 3% ғана. Орта есеппен бір дәріханаға 2 034 тұрғыннан келеді, алайда Шымкентте бұл көрсеткіш 1 362 адам, ал Қызылорда облысында 3 240 адамға жетеді.

IQVIA халықаралық талдау компаниясының 2025 жылғы зерттеуінде бір жылда дәріхана саны 1 126-ға артып, 9 659-ға жеткені айтылған. Оның ішінде 4 522-сі желілік, 4 252-сі тәуелсіз дәріхана. Бөлшек нарықтың ақшалай көлемі 667,7 млрд теңгеге жетіп, 14,7%-ға өскен. Алайда сатылған дәрі қаптамасының саны 469,9 млн-ға дейін төмендеп, 11,4%-ға азайған. Яғни, қазақстандықтар бұрынғыдан аз дәрі сатып алып, оған көбірек ақша жұмсаған.

Сурет: inform.kz

Нарықтың шоғырлануы

Нарық құрылымы да өзгеріп келеді. ТОП-15 дәріхана желісі 2 507 дәріхананы біріктіріп, бөлшек нарық айналымының 50,47%-ын бақылайды. Желілік дәріханалар нарықтың 76,3%-ын, ал тәуелсіздер небәрі 23,7%-ын қамтамасыз етеді. 2025 жылғы ең ірі ойыншы – «Зерде Фарма» (471 дәріхана, 11,64% үлес), одан кейін «Биосфера»/Format.KZ (456 дәріхана, 7,59%) және «Рауза АДЕ» (230 дәріхана, 7,45%). Дәріхана саны ең көп желі – «Аптеки со склада» (505 дәріхана), бірақ оның үлесі небәрі 6,20%.

Pharmreviews.kz дерегінше, Алматыда шамамен 1300 дәріхана, Астанада 1000-ға жуық дәріхана жұмыс істейді. Дегенмен, ақша айналымының 72%-ы желілік дәріханаларға тиесілі, ал тәуелсіздер небәрі 28%-ын қамтамасыз етеді. Түркістан облысында айналымның 98%-ы желілік дәріханаларға тиесілі болса, Ұлытау облысында тәуелсіздердің үлесі 45%-ға жетеді.

Сатылым құрылымына келсек, ақшалай айналымның 70%-дан астамын бағасы 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейінгі дәрілер ұстап тұр. Ал қаптама саны бойынша 100-500 теңге аралығындағы дәрілер көш бастап, 44% құрайды.

Сурет: inform.kz

Мемлекеттік аудиттің қорытындысы

2025 жылы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген аудит фармацевтика жүйесінде бағаның өсуіне ықпал ететін жүйелік мәселелерді анықтады. Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткенмен, оның 84%-ын импорт құрайды. Соңғы үш жылда мемлекет салаға 148 млрд теңге қолдау көрсеткен, бірақ отандық өндірушілер жеткізетін дәрі атауларының саны 968-ден 507-ге дейін азайған.

Аудит дәрі бағасының қалыптасу тізбегін сынады. Жаңа препарат «СҚ Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы сатып алыну үшін бірнеше рәсімнен өтуі қажет, бұл көптеген сатып алуды жалғыз жеткізушімен өткізуге әкеледі. Тексеру барысында бөлшек нарықтағы үстемеақы 172%-ға, ал бюджет есебінен сатып алынатын дәрілер бойынша 35%-ға дейін жеткені анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі үстемеақы шкаласын қайта қарады.

Тағы бір мәселе – делдалдардың көптігі. 2024 жылы «СҚ Фармация» дәрілердің небәрі 9%-ын ғана тікелей өндірушілерден сатып алған. Логистикалық шығындар соңғы үш жылда 60% өсіп, 2024 жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Ең алаңдатарлығы – бірдей препараттың бағасындағы айырмашылық. Ең қымбат 15 дәрі бойынша мемлекеттік сатып алу бағасы мен бөлшек нарықтағы баға арасындағы айырмашылық кей жағдайда 600%-ға дейін жеткен.

Сурет: inform.kz

Сала ардагерінің пікірі

Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментін 2013 жылға дейін басқарған Әліпқали Бисекешов дәріхана санының көбеюі бағаны төмендетпейтінін айтады. Оның пікірінше, бұған саланы реттеу талаптарының өзгеруі, делдалдардың көбеюі және қосымша шығындар әсер етеді.

«Бұрын дәріхана ашуға қойылатын талап қатаң еді. Дәріхананы жоғары білімді провизорлар ғана басқаратын. Ауылдық жерде екі дәріхананың арасы кемінде екі шақырым, ал қалада 500 метр болуы керек деген талап болатын. Қазір ондай шектеулер жоқ. Бір тұрғын үйдің астында 2-3 дәріхана қатар орналасқанын көресіз», – дейді ол.

Ол сондай-ақ провизорлар мен фармацевтердің 5 жыл сайын аттестациядан өтетінін, қазір ондай талаптың жоқтығын айтады. «Кейде дәріханаға барсам, кейбір мамандардың кәсіби даярлығы бұрынғы деңгейде емес. Маңғыстау облысында 400-ге жуық дәріхана бар, бұл өте көп. Кеңес заманында бүкіл облысты небәрі 35 дәріхана қамтамасыз ететін», – дейді ол.

Бисекешов дәрі бағасының өсуін делдалдардың көбеюімен байланыстырады. «Біз кезінде шетелдік өндірушілермен тікелей келісім жасап сатып алатынбыз. Қазір «СҚ Фармация» көп жағдайда делдалдар арқылы жұмыс істейді. Делдал көбейген сайын баға да өседі. Оған қоса дәрілерді міндетті таңбалау сияқты жаңа талаптар дәріханаларды қосымша техника алуға, жаңа маман жалдауға мәжбүрледі. Мұның бәрі – қосымша шығын, ал оның түбі дәрінің бағасына қосылады», – дейді сала ардагері.