Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +33° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

2025 жылы Қазақстанда 215 млн медициналық қызмет көрсетілді

2025 жылы Қазақстанда 215 млн медициналық қызмет көрсетілді, оның 88,6%-ы электрондық форматта. Цифрландыру нәтижелері туралы толық ақпарат.

2025 жылы Қазақстанда 215 млн медициналық қызмет көрсетілді
Сурет: aikyn.kz

2025 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 215 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның 190,8 миллионы (88,6%) электрондық форматта ұсынылған.

Қазіргі уақытта миллиондаған қазақстандық денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді пайдаланады. Электрондық медициналық анықтамалар, дәрігерге онлайн жазылу және заманауи цифрлық шешімдер медициналық көмекті алуды ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етеді.

Цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – медициналық құжаттарды электрондық форматқа көшіру. Қазір медициналық анықтамалардың 12 түрі цифрландырылды, оның бесеуі тек онлайн рәсімделеді. 2025 жылы азаматтарға 8,5 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Тұрғындар дәрігерге жазылу үшін цифрлық сервистерді жиі қолдануда. 2025 жылы онлайн жазылу қызметін 5,6 миллион азамат пайдаланды. Бұл тіркеу бөліміне бармай-ақ мамандардың қабылдауын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдер диагностикалық зерттеулерді күту мерзімін қысқартуға ықпал етуде. Мысалы, ПЭТ/КТ зерттеуін күту уақыты үш айдан екі аптаға дейін қысқарды.

Цифрлық денсаулық сақтауды дамытудың келесі кезеңі денсаулыққа төнетін қауіптерді ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. 2026 жылдан бастап халықтың негізгі топтарын цифрлық сүйемелдеу жоспарлануда. Олардың қатарында 18 жасқа дейінгі 7 миллионнан астам бала, репродуктивтік жастағы шамамен 5 миллион әйел және 400 мың жүкті әйел бар.

Бұл ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және медициналық бақылаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта онлайн брондау қағидаты бойынша дәрігерлердің бірыңғай қабылдау кестесін, e-Health порталын және азаматтарға, медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымдарға арналған мобильдік қосымшаны іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар кері байланыс тетіктері мен медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растау құралдары одан әрі дамытылады.

Медициналық анықтамаларды толықтай цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасады. Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың басты мақсаты – медициналық көмекті әрбір азамат үшін қолжетімді, ыңғайлы әрі оның қажеттіліктеріне бағдарланған ету.