Отандық өндірушілермен жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жауапты министрліктер, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және отандық кәсіпорындар өкілдерімен бірге Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді…
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жауапты министрліктер, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және отандық кәсіпорындар өкілдерімен бірге Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары мен саланың өзекті мәселелері талқыланды.
Қатысушыларға Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі ережелері таныстырылды. Өнеркәсіп вице-министрі Олжас Сапарбеков атап өткендей, құжат заңнама, сатып алу тетігін жетілдіру, «көлеңкелі» импортқа қарсы іс-қимыл, инвестиция тарту, отандық брендті дамыту мен кадр даярлауға арналған 28 іс-шараны қамтиды.
Ортамерзімді шаралар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту және мемлекеттік сатып алу кезінде тең бәсекелестік жағдай жасауды көздейді. Ұзақмерзімді перспективада өндірісті жергіліктендіру мен нарықтың ашықтығын арттыруға баса назар аударылады. Атап айтқанда, «виртуалды қоймалар» механизмін және электрондық шот-фактураны пайдалана отырып, шикізат пен өнімді толық қадағалау жүйесін енгізу пысықталуда.
Негізгі құралдың бірі – өндіріс көлемін арттыру, жергіліктендіру, жұмыс орнын ашу және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін көздейтін сала кәсіпорындарымен жергіліктендіруді арттыру келісімін енгізу. Оның есесіне кәсіпорындар жеңілдетілген қаржыландыру, жабдық лизингі, арнайы инвестициялық келісімшарт пен ұзақмерзімді сатып алу шартын қосқанда, кешенді мемлекеттік қолдау шараларына сене алады.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздегі отандық өндірушілердің басым бөлігі жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығында шоғырланған. Бүгінгі таңда отандық өнімге сұраныстың негізгі драйвері мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор болып қала береді. Сонымен қатар салада сыртқы саудадағы импорт әлі де едәуір басым. Бұл отандық өндірісті одан әрі дамытудың айтарлықтай әлеуетін көрсетеді.
Бүгінде қазақстандық өндірушілерді қолдау шаралары да ұсынылып отыр. Отандық тауарлар үшін сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы, мемлекеттік қолдау бар сауда нысандары үшін кемінде 50 пайызын бөлу туралы норма заңнамалық түрде бекітілген. Сауда желілерінің жеткізу шартын жасаудан негізсіз бас тартуы мен жалдау ақысын асыру жағдайы шектелді.
«Кешенді жоспар өршіл міндет қойып отыр. 2030 жылға қарай шикізатты қайта өңдеу көлемін 1,5-2 есе арттыру, 40 мыңға жуық жұмыс орнын ашу және 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мемлекет жергіліктендіруді арттыратын және өндірісті дамытатын кәсіпорындарды қолдауға дайын.»
Жиын соңында салалық мемлекеттік органдарға өнім сапасына қойылатын талап пен мемлекеттік қолдау тетігін жетілдіруді қосқанда, бизнестің ұсыныстарын пысықтау тапсырылды.
Дереккөз: PrimeMinister.kz




