Колледждердің үздік 100 студенті анықталды
Қазақстан колледждерінің үздік 100 студенті республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды. Байқауға 400 колледжден 5 мыңнан астам студент қатысты.
Еліміздің 400 колледжінен 5 мыңнан астам студент қатысқан «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсының қорытындысы жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша кәсіби шеберлігі, көшбасшылық қабілеті және инновациялық жобаларымен ерекшеленген 100 студент үздік деп танылды.

Конкурс үш кезеңде — колледжішілік, өңірлік және республикалық деңгейде өтті. Оған барлық өңірден 400 колледждің 5 мыңнан астам студенті өтінім берген.

Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған байқаудың басты мақсаты — талантты жастарды қолдау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және колледж студенттерінің жетістіктерін насихаттау. Конкурсты өткізу жұмыстарын «Talap» КЕАҚ үйлестірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында аталған конкурс ұйымдастырылды.




