Депутат өкпе обырын ерте анықтауды ұсынды
«Әділет» партиясы депутаты Сергей Пономарев өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау үшін төмен дозалы КТ және жасанды интеллект жүйесін енгізуді ұсынды.
Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Сергей Пономарев өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау үшін сәулесі төмен дозалы компьютерлік томография (КТ) қолдану қажеттігін айтып, отандық жасанды интеллект жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл бастама қазір нақты медициналық тәжірибеге ене бастады.
Депутаттың айтуынша, өкпе қатерлі ісігі еліміздегі онкологиялық аурулар арасында өлім-жітімі жиі тіркелетін дерт. Жыл сайын үш мыңнан астам адамға осы диагноз қойылады. Оның басты себебі – аурудың бастапқы кезеңінде дұрыс анықталмауы. «Скринингтің мақсаты – белгілер пайда болған соң емдеу емес, қатерлі ісікті алғашқы сатысында табу. Ерте қойылған диагноз емдеуді уақытында бастауға және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Пономарев.
Ол төмен дозалы КТ өкпе тіндеріндегі ұсақ өзгерістерді анықтай алатынын, ал сәулелену мөлшері стандартты томографияға қарағанда әлдеқайда аз екенін атап өтті. Халықаралық тәжірибе де осы әдістің тиімділігін растайды: АҚШ-тағы National Lung Screening Trial зерттеуінде төмен дозалы КТ қолданылған топта өкпе обырынан өлім қаупі шамамен 20 пайызға төмендеген. Италиядағы MILD зерттеуі де ұзақмерзімді бақылау нәтижесінде өлім-жітімнің азайғанын көрсетті.
Пономарев скринингті бүкіл халыққа жаппай жүргізу қажет емес екенін, ол қауіп тобындағы адамдарға бағытталатынын айтты. Қазақстанда 2026 жылы өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скрининг нормативтік тұрғыдан енгізілді. Нысаналы топқа 50-70 жас аралығындағы, темекі шегу өтілі ұзақ және зиянды өндірістік факторларға ұшыраған азаматтар кіреді. «Мұндай тәсіл медициналық та, экономикалық та тұрғыдан дұрыс», – деді депутат.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұловтың айтуынша, елімізде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің 4 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеліп, шамамен 2 мың адам қайтыс болады. Өлім-жітімнің жоғары болуының негізгі себебі – аурудың кеш анықталуы. «Өкпе обыры бірінші сатысында анықталса, науқастардың шамамен 90 пайызының бес жылдық өмір сүру көрсеткіші жақсарады. Ал төртінші сатыда бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Яғни, сатыға қарай өмір сүру көрсеткішінде он есеге жуық айырмашылық бар. Алдын ала есептеулер бойынша, өкпе обырының ерте сатысындағы бір жағдайды емдеу шамамен 500 мың теңгеге түседі. Егер сырқат үшінші-төртінші сатысында анықталса, емдеу шығыны 50 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұған химиотерапия, сондай-ақ қымбат иммундық және таргеттік препараттарды қолдану қажеттілігі кіреді», – деді Аманқұлов.
Ол скрининг бағдарламасы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Ұлытау облыстарында пилоттық режимде енгізілетінін жеткізді. Тексеру алдымен сауалнама толтырудан басталады: адамның нысаналы топқа жататыны және төмен дозалы КТ-ға көрсетілімі бар-жоғы анықталады. «Зерттеудің өзі небәрі 15 секундқа созылады, еш қиындығы жоқ. Тексеруден кейін пациент күнделікті өміріне қайта орала алады», – деп түсіндірді маман. Түсірілген суреттерді дәрігерлер сараптайды, нәтижесіне қарай пациентке әрі қарай қандай қадам жасау керектігі жөнінде ұсынымдар беріледі.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Торако-абдоминалды онкология орталығының дәрігер-онколог-хирургі, медицина магистрі Самат Исмаилов өкпе қатерлі ісігінің алғашқы сатыларында айқын белгілер байқалмайтынын айтты. «Сондықтан адам аурудың бар екенін білмеуі мүмкін. Көп жағдайда дерт кейінгі сатыға өткенде ғана анық көрінеді. Әдетте аурудың айқын белгілері үшінші-төртінші сатысында пайда болады. Өкпе қатерлі ісігі кезінде бұл көбіне ұзақ уақытқа созылатын жөтел түрінде жүреді. Сондай-ақ қақырықта қанның болуы, кеуде тұсының ауыруы немесе дене салмағының төмендеуі де белгілердің бірі болуы мүмкін», – деді Исмаилов.
Скрининг – бір реттік науқан емес, ұзақ мерзімді жүйеге айналуы тиіс. Бағдарламаның әр кезеңі тұрақты түрде талданып, ашық статистика қалыптастырылуы қажет.




