Қазақстан армиясы жауынгерлік даярлықтың жаңа жүйесіне көшті
Қорғаныс министрлігінде жауынгерлік даярлықтың жаңа құрылымы енгізіліп, 2026 жылдан бастап бір жылдық оқу цикліне көшілді.
Қорғаныс министрлігінде жауынгерлік даярлықты басқарудың жаңа құрылымы енгізілді. Министрдің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары – басқарма бастығы лауазымы пайда болып, тиісті бөлімше құрылды.
Жауынгерлік даярлық департаментінің міндеті – әскери оқыту процесін ұйымдастыру, әскери қызметшілердің қажетті даярлық деңгейіне жетуін қамтамасыз ету және оны жетілдіру. Сондай-ақ бөлімшелер мен әскери басқару органдарының үйлесімділігін арттыру – басты бағыттардың бірі.
Қазіргі заманғы қарулы күрестің сипаты өзгергендіктен, департамент жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру тәсілдерін жаңартып, тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдауда.
Бір жылдық оқу цикліне көшу
2026 жылы Қарулы күштер жазғы оқу кезеңінен бір жылдық оқу цикліне ауысты. Бұл тәртіп армияның барлық түрлері мен әскер тектерінде, әскери бөлімдер мен мекемелерде енгізілді.
Жеке даярлық барысында әскери қызметші алдымен базалық жалпыәскери даярлықтан, кейін әскери-есептік мамандығы бойынша дайындықтан өтеді. Келесі кезең – бөлімшелерді үйлестіру, ол взводтан батальонға дейінгі деңгейлерді қамтиды.
Жаңа тәртіп бойынша жас жауынгерлер жалпыәскери даярлық курсын аяқтаған соң жауынгерлік даярлық апталығы басталады. Бұл олардың базалық білім мен дағдыларды меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Бағдарламалар мен инфрақұрылым жаңаруда
Жаңа оқу цикліне байланысты жауынгерлік даярлық бағдарламасының мазмұны қайта қаралды. Жалпыәскери пәндер бойынша жаңа нормативтер мен бірыңғай атыс даярлығы курсы әзірленіп, командирлік даярлық форматы жаңартылды. Сонымен қатар «Бес қару» бағдарламалық модулі енгізілуде, ол іс-шараларды электронды форматта жоспарлауға және есепке алуға мүмкіндік береді.
Биыл дене даярлығы басқармасы Жауынгерлік даярлық департаментінің қарамағына берілді. Осылайша, әскери қызметшілердің дене және жауынгерлік даярлығы бірыңғай оқу процесіне біріктірілді.
Полигон инфрақұрылымы мен жаттығу базасын жетілдіру – маңызды бағыттардың бірі. Заманауи техникалық құралдар түрлі тактикалық сценарийлерді құруға және әскери қызметшілердің іс-қимылдарын нақты ұрыс жағдайына жақын ортада пысықтауға мүмкіндік береді.
Командирлер мен мамандар жауынгерлік даярлық жүйесін ұйымдастырып, дамыту бойынша күнделікті жұмыс жүргізеді. Олар даярлықты жоспарлап, үйлестіріп, сабақтардың мазмұнын жетілдіріп, оқытудың заманауи әдістерін енгізіп, әскери қызметшілердің даярлық деңгейін бақылайды.
Әскери қызметшілердің сенімді әрекет етуі мен міндеттерді орындауға әзірлігі көбінесе мамандардың кәсібилігіне, тәжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты. Олар жауынгерлік дайындықты қамтамасыз етіп, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосуда.




