Ыбырай Алтынсарин: қазақ даласында білімнің іргетасын қалаған ұлы ағартушы
Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында білім беру жүйесін қалыптастырудағы рөлі, алғашқы мектептер мен оқу құралдары туралы баяндалады.
1 қыркүйек – Білім күні. Қазақ даласында мектептер санаулы болған XIX ғасырда білім беру жүйесін қалыптастыру оңайға соқпады. Осы істің басында тұрған тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ұлы ағартушы өмірін білім беру мен ағартушылыққа арнап, қазақ балаларына мектеп ашып, ана тіліндегі алғашқы оқу құралдарын жазды.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, атасы Балғожа Жаңбыршыұлының тәрбиесінде өсті. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы жанынан қазақ балаларына арналған мектеп ашылғанда, Ыбырай сол мектепке қабылданған алғашқы оқушылардың бірі болды. Оқу кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен танысып, оның кітапханасын пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Осылайша ол орыс және әлем әдебиетімен танысып, білімін өз бетінше толықтырды.
Мектепті аяқтаған соң Ыбырай атасының хатшысы болып, кейін Орынбор облыстық басқармасында тілмаш қызметін атқарды. Алайда оның негізгі мақсаты әкімшілік қызмет емес, қазақ балаларына білім беру еді. 1860 жылы оған Торғайда қазақ балаларына арналған мектеп ашу тапсырылды. Дайын ғимарат пен оқу құралдары болмағандықтан, Ыбырай ауылдарды аралап, қаржы жинады.
1864 жылғы 8 қаңтарда Торғай даласында алғашқы мектеп ашылды. Алғашқы кезде 14–16 бала қабылданғаны туралы деректер бар. Ыбырайдың хатында 14 баланың оқуға кіріскені жазылған. Мектеп жанынан балаларға арналған интернат та салынды. Бұл мектеп қазақ даласында жаңа үлгідегі зайырлы білім беру жүйесінің маңызды қадамы болды.
Кел, балалар, оқылық!
Ыбырай Алтынсарин балаға тек хат танытып, есеп үйретумен шектелмеді. Ол үшін мектепте білім берумен қатар, адамды еңбекке, адалдыққа, ізгілікке тәрбиелеу маңызды болды. Шығармаларында білім мен еңбектің, адамгершілік пен жауапкершіліктің маңызы қатар айтылады. «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері бірнеше ұрпақтың білімге көзқарасына әсер етті. Әңгімелерінде күрделі моральдық мәселелерді қарапайым тілмен жеткізуге тырысты.
Мектеп көбейген сайын қазақ тіліндегі оқу құралдарына қажеттілік артты. Ыбырай 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» дайындап, 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. Хрестоматияға қазақ ауыз әдебиеті, ағартушылық туындылар, Ыбырайдың өлеңдері мен әңгімелері, орыс авторларынан аудармалар енді. Тағы бір оқу құралы – «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастапқы нұсқаулығы» қазақ балаларына жүйелі білім беруге арналған алғашқы еңбектердің бірі болды.
1879 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 1879–1883 жылдары бірнеше уезде жаңа мектеп ашуға жетекшілік етті. Мектеп ашумен қатар, мұғалім даярлау, оқу құралдарымен қамтамасыз ету және білім сапасына ерекше көңіл бөлді. Оның педагогикалық ұстанымы бойынша, мектеп үшін ең маңыздысы – білікті ұстаз.
Ырғыздағы алғашқы қыздар училищесі
XIX ғасырдағы қазақ қоғамында қыздардың білім алуы сирек кездесетін. Соған қарамастан Ыбырай Алтынсарин қыз балаларды оқытуға ерекше назар аударды. 1887 жылғы 15 қыркүйекте Ырғызда қыздарға арналған бір сыныптық училище ашылып, 17 қыз оқуға қабылданды. Бір жылдан кейін мектеп жанынан 18 орындық интернат ашылды. Бұл қазақ даласындағы әйелдердің білім алуына жол ашқан маңызды бастама болды.
Білім жолындағы өшпес із
Ыбырай Алтынсарин жалпы білім беретін мектептер аздық ететінін түсінді. Ол жастарды еңбекке баулып, кәсіп меңгертуді маңызды деп білді. 1883 жылы Торғайда қолөнер мектебі ашылды – бұл қазақ даласындағы техникалық білім берудің алғашқы қадамдарының бірі болды. Мұғалім даярлау мәселесіне де көңіл бөлінді. Осылайша, оның ағартушылық идеясы бастауыш білімнен кәсіптік оқуға дейінгі біртұтас жүйені қалыптастыруға ұласты.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүниеден өтті. Ол небәрі 48 жыл өмір сүрді, бірақ осы қысқа ғұмырында қазақ қоғамының білім беру тарихында өшпес із қалдырды. Бүгінде 1 қыркүйекте мыңдаған бала мектеп табалдырығын аттайды. Олардың қолындағы алғашқы кітап, алғашқы әріп, алғашқы сабақтың ар жағында бір жарым ғасыр бұрын білімнің негізін қалаған ағартушылардың еңбегі жатыр. Солардың ішінде Ыбырай Алтынсариннің орны бөлек. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі өз дәуірінде ғана емес, кейінгі ұрпақты да білімге шақырған ұранға айналды.




