Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана -2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

АЛТЫ ҒАСЫРДЫҢ ӘСЕРІН СЫЙЛАҒАН САПАР

Түрік медиасы дәл осы міндетті жоғары деңгейде алып шыққан. Көрерменді сүйікті кейіпкері арқылы ол жүрген көшеге, ол шай ішкен шайханаға, ол көңіл көтерген туристік нысанға алып келді.

АЛТЫ ҒАСЫРДЫҢ ӘСЕРІН СЫЙЛАҒАН САПАР
Әріптесіммен Истикляль даңғылын тамашалап келеміз, Cтамбұл

Біз Стамбұлға барып, тарихты оқыған жоқпыз немесе тарихи оқиғаға куә болғанымыз жоқ. Тек әр ғимараты бір оқиғаны баяндайтын, әр көшесі мағына мен естелікке толы тарихи шаһарды аралап қайттық.

Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергеннің бастамасымен қазақстандық медиа саланың 24 өкілі Түркияның Стамбұл қаласында болды. Аптадан аса уақытты түрік елінде өткізген мақсатымыз – журналистика саласындағы тәжірибемізді шыңдау, таным арттыру, түркітілдес елдерінің медиа өкілдерімен цифрлық дәуірдегі ақпарат жайлы пікір алмасу болатын.

Стамбұлға жеткен бойда қонақүйге жайғасып, танымдық серуенге шықтық.

 

Таксимнен Галата Мұнарасына дейін

Қаланың дәл осы тұсында Стамбұлдың бүгінгі тынысы бірден сезіледі – адам көп, көліктің түр-түрі жүріп жатыр. Әртүрлі тілде сөйлескен жандар, әртүрлі мәдениет пен тағдыр тоғысып жатқан үлкен орталық – Таксим алаңы еді.

Taksim Stadyumu 1920ler Istanbulun ilk futbol stadyumu tarihi
Стамбұлдың тұңғыш футбол стадионы — Таксим стадионы, 1921-1939 жж. Қазіргі Таксим алаңының орнында болған.

Түркиядағы ең алғашқы магистральды су жүйесі осы алаңның тарихымен тікелей сабақтасып жатыр. Қала халқын су жүйесімен қамту үшін 1732 жылы Осман сұлтаны І Махмұд тастан су қоймасын салдырады. Сол заманда «бөлу», «тарату» деген мағынаны білдіретін «Таксим» сөзі алғаш рет жер атауына айналғалы да 300 жылға жуық уақыт өтіпті.

Бұл 300 жылда мұнда әскери казарма салынып, кейін ол стадионға айналған. Түркияның футбол тарихы да дәл осы алаңнан басталады, яғни, түрік ұлттық құрамасы алғашқы ресми ойынын Таксим стадионында ойнаған.

Taksim Cumhuriyet Aniti Ataturk Ismet Inonu Fevzi Cakmak heykelleri
Таксимдегі Республика ескерткіші: ортада Ататүрік, жанында Исмет Инөню мен Февзи Чакмак және кеңес генералдары Фрунзе мен Ворошилов.

Бүгінде Ататүрікпен қатар Михаил Фрунзе, К.Ворошилов және С.Араловтың ескерткіші қатар орналасқан алаң генералдардың сырын ішке бүгіп, Истиклял көшесімен Галата Мұнарасына қарай бағыт сілтейді.

Истиклял көшесінің бір жағында заманауи дүкендер, кафелер, галереялар, көшені бойлай ағылған адамдарға толы. Ал екінші жағында бірнеше ғасырлық тарих тұр. Бұл – Стамбұлдағы тәулігіне 250 мыңдай адам жүріп өтетін көше.

Istiklal Caddesinde iki kiz arkadas Istanbul gezisi
Әріптесім, atameken business tv продюсері, журналист – Айгерім Аманмен Стамбұлдың Истиклял көшесімен серуендеп келеміз.

2025 жылы бұл көшемен 107 миллион адам жүріп өтсе, соның 17 миллионнан астамы – шетелдік туристер. Демек, қалаға сырттан келетін адамнан Стамбұлдың өз тұрғындары әлдеқайда көп. Күнделікті жұмысқа, оқуға, саудаға асыққан миллиондаған жергілікті тұрғынын есепке алсаңыз, оған елдің ішкі турист санын қоссаңыз, әйгілі көшенің неге тоқтаусыз қайнап жатқанын түсінесіз.

Истиклял көшесімен Галата мұнарасына қарай біз де жүріп өттік. Дәл осы көшемен 1869 жылы атқа жегілген вагон ретінде, одан кейін 1914 жылы электр қуатымен қызыл трамвай жүре бастаған. 1960 жылға дейін қоғамдық көлік ретінде қызмет еткен әйгілі қызыл трамайлар 90-жылдан бері туристерге қызмет ететін ретро-атракцион іспетті. Қызыл трамвайға кезек алғандардың соңы жоқ. Оның адам толы көшемен жүріп келе жатқандағы ескерту қоңырауы тура бір көне заманға апарып тастағандай әсер қалдырады.

Istanbul nostaljik kirmizi tramvay Istiklal
Истикляль даңғылындағы аты аңызға айналған қызыл трамвай.

 

Истиклял көшесі орналасқан Бейоглу ауданы Осман Империясы құрылған кезден-ақ еуропалық дипломаттар мен көпестер, христиандар қоныстанған аумақ болған. Солардың қатарында мыңдаған италиялық қауым 1906-12 жылдары өз қаражаттарына шіркеу тұрғызған. Италяндық сәулетші Джулио Монджеридің архитектуралық жобасымен салынып, бүгінде «Әулие Анатолий шіркеуі» аталатын бұл нысанды Осман империясы қорғап, шетелдік элитамен қарым-қатынастың құрметі ретінде бағалаған.

 

Saint Antoine Kilisesi Istanbul Istiklal
Ыстамбұлдағы Сент-Антуан католик шіркеуі
Papa XXIII John heykeli Saint Antoine Istanbul
Түріктердің досы Рим Папасы XXIII Иоаннның мүсіні

 

    Ең қызықты  дерек: 1930-40 жылдар аралығында Рим Папасы Иоанн ХХІІІ дәл осы шіркеуде 10 жыл бойы қызмет еткен. Түрік тілін жетік меңгерген архиепископ – Анджело Джузеппе Ронкалидің ескерткіші бүгінде шіркеу ауласында тұр.

 

Turklerin dostu Papa XXIII anit plaketi Saint Antoine
«Түріктердің досы» Рим Папасы XXIII Иоаннға арналған ескерткіш тақта.

 

Тіпті, бүгінгі заңдары да Католик храмына мемлекеттік деңгейдегі тарихи және сәулеттік ескерткіш мәртебесін беріп, Мұра ретінде қорғайды. Оны бұзу тұрмақ, Түркия билігінің рұқсатынсыз бір кірпішін де қозғауға болмайды. Тарихи нысанға кіргенде өзіңді Италияда жүргендей сезінесің. Ал біз сөз етіп отырған Истикляль көшесінде грек, армян шіркеулері мен синагогалар да бар. Мәдениеті алуан, тарихи мұра мен естелікке бай көше.

Стамбұлдың осынау тарихи қойнауына сүңгіген қазақ журналистері Галата мұнарасында кездестік. Бүгінгі әлеуметтік желідегі контентмейкерлердің орталығына айналған Галата мұнарасы 1348 жылы салынған.

Осы тұстан тағы бірнеше ғасыр артқа шегінейік, 528 жылдан 1204 жылға дейін бұл жерде Константинополь қаласын жаудан қорғау мақсатында әскери-стратегиялық мақсатқа қызмет еткен «Мегалос Пиргос» деп аталатын ағаш мұнара болған. Сырт көрінісі ағаш болғанымен, атқаратын міндеті өте маңызды. Яғни, византиялықтар сырттан келген кемені қала маңына жақындатпау үшін су астынан өте үлкен темір шынжыр тартып қойған. Сол су асты алып шынжырдың бір жақ шеті бүгінде Галата аталатын мұнараның ішінде, арнайы механикалық қондырғыларға бекітілген. Ал бұл құпияны жау білмей, оны түнгі қараңғыда айналаға жарық түсіру үшін төбесіне от жағылатын шамшырақ ретіне ғана қабылдаған.

Дегенмен, Төртінші Крест жорығы кезінде ағаш мұнара өртеніп, толықтай қиратылады. Ал генуялықтар Мұнара орналасқан жердің айналаны 360 градусқа көруге мүмкіндік беретін маңызын ескеріп, тастан қайта қалайды.

Қызықты қараңыз, Византияның іштей іріп, әлсіреген кезін жақсы білген Османдар тура бір ғасырдан кейін, яғни, 1453 жылы Константинопольді жаулап алады. Византия империясын біржолата тарих сахнасынан өшірген бұл оқиға түрік елінің мәдени астанасында күні бүгінге дейін зор мәртебеге ие. Сол бір жеңісті күннен қалған әрбір естелік ең қымбат мұраға айналған.

Ал Галата мұнарасы 1960 жылы реставрациядан өтіп, жоғарғы бөлігіне конус тәрізді шатыр орнатылып, туристік нысан ретінде қызметін бастаған. 2020 жылдан кейін тарихи мұнараның жаңа медиадағы маңызы артады. Бір кездері тарихи оқулықтан ғана көрінетін Мұнара қазіргі медианың арқасында жаңа өмірге ие болды.

Galata Kulesi onunde Turk heyeti Istanbul gezisi
turkmedia.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы – Ақмарал Молдиярқызының Түркітілдес журналистер қорының Стамбұл сапарындағы суреті. Галата Мұнарасы, 2026 жыл.

Түрік сериалдары әлемнің ондаған елінде көрсетіліп, Стамбұлдың көшелері мен тарихи ғимараттарын көрерменнің күнделікті экранына енгізді. Ғылыми зерттеулер де түрік сериалдарының кей нарықтардан келетін туристік сұранысқа әсері жоғары екенін көрсетеді. Яғни, ұзақ уақыт экранда көрсетілген картина көрерменнің туристік бағытына айналады. Өз эмоцияларымен байланысты орынды көзбен көріп, осы маңда контент, фото-видео түсіру үшін арнайы келушілер көбейген.

Галата мұнарасы менің журналист ретіндегі ізденісімді мынадай оймен қорытындылауға себеп болып отыр: медиакеңістік арқылы тарихты насихаттау қиын. Алайда, тарихтың естеліктерін туристік нысанға айналдыруға, жаңа бейнесін қалыптастыруға таптырмайтын жарнама алаңы. Түрік медиасы дәл осы міндетті жоғары деңгейде алып шыққан. Көрерменді сүйікті кейіпкері арқылы ол жүрген көшеге, ол шай ішкен шайханаға, ол көңіл көтерген туристік нысанға алып келді.

     Қазақ даласында, әсіресе, Түркістандағы туризмді насихаттауда осы орайда қаншама идеялар тасқыны пайда болғанын білсеңіз ғой…

(Басы. Жалғасы бар…)

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Шымкент – Стамбұл – Шымкент

11 қыркүйек, 2026 жыл.