Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Түйемді 2 млн теңгеге сұрағандар болды – түйеші келіншек

Қызылорда облысындағы түйеші келіншек Таңшолпан Файзрахманованың кәсібі, табысы және түйелерге деген махаббаты туралы әңгіме.

Түйемді 2 млн теңгеге сұрағандар болды – түйеші келіншек
Сурет: inform.kz

Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұратын Таңшолпан Файзрахманованы жергілікті жұрт түйеші келіншек ретінде таниды. Ол – бір емес, екі қызыл дипломның иесі. Бірінші мамандығы – бухгалтер-экономист, екіншісі – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда ол карьера қуған жоқ. 14 жыл бұрын Қазалыға келін болып түсіп, сонда өсіп-өнді. 2019 жылдан бері жолдасымен бірге Шәкен ауылдық округіне қарасты Сайқұдық малшы ауылына көшіп, атакәсіппен айналысып келеді.

– Әуелгі кезде шөп шауып, оны сатып күнелттік. Кейін жер алып, қой, сиыр, жылқы басын көбейттік. Түйе шаруашылығына ден қойғалы бес жылға жуықтады. Кәсібіміз екі бас түйе сатып алудан басталды. Өзім бала күнімнен бұл түлікті көріп өскенмін, әкем асырады. Сондықтан маған таңсық болған жоқ. 5 жылда 50-ге жуық түйе жинаппыз, – деді Таңшолпан Файзрахманова.

Сурет: inform.kz

Ойсылқара тұқымы екі жылда бір туады, бұл қорада жыл сайын 8-9 шақты бота дүниеге келеді. Кейіпкеріміз күнделікті 5 түйе сауып, одан 10 литрдей сүт алады. Сауын түйелерге өзі ат қойған. Барлық түлікті бес саусағындай біледі. Олардың бұған бауыр басқаны сондай, қасына өзге ешкімді жуытпайтын көрінеді.

Таңшолпан Файзрахманова Tik-Tok әлеуметтік желісіндегі парақшасын бірнеше жылдан бері белсенді түрде жүргізіп келеді. Атап өтерлігі, оның танымалдығын арттырған – осы киелі жануар.

Сурет: inform.kz

– Бәрі маған еркелеп тұрады. Өздері адам сияқты, сағынады. Екі-үш күн үйде болмасам, келгенімде алдымнан жүгіріп шығады. Иығыма басын қояды. Жанары мөлдіреп тұрады. Жараланған, құрттап кеткен кезде көзінен әдеттегіден көп жас ағады. Мен оны жанына батқан соң жылап тұр деп түсінемін. Блогерлікпен алғашқыда көпшілікке ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін көрсету үшін айналысып жүрдім. Ал қазіргі кезде халыққа көбіне түйелермен түскен видеоларым өтеді. Осындай жазбаларымнан кейін түйе шаруашылығына қызығып, кеңес сұрағандар өте көп. Тіпті түйеме құда түскендер болды, – деді кейіпкеріміз.

Еркоша есімді түлігін былтыр 2 млн теңгеге сұрап келген. Алайда қимастық сезімнен ұсыныстан бас тартыпты. Ол кезде бір түйенің нарықтағы құны 1 млн теңге шамасында екен. Биыл бағасы шарықтап, 1 млн 400 мың теңгеге дейін жеткен. Сүт, құрты мен шұбатын сатудан түсетін пайданы қоса есептегенде кейіпкеріміздің айлық табысы 500-600 мың теңгеден асады.

Сурет: inform.kz

– Түйе шаруашылығы басқа түліктерге қарағанда аса қиын емес. Өйткені түйе өзімен-өзі жүреді, өз тамағын өзі тауып жейді. Шөлге төзімділігі сондай, есігіміздің алдында ағып тұрған бұлаққа бармайды. 10-15 күн, кейде бір ай бойы сусыз жүре береді. Бұл – көп күтімді қажет етпейтін жануар. Бағасы қымбат, еті тәтті, сүті мен шұбаты пайдалы. Табысы отбасымызды асырауға әбден жеткілікті, – деді Таңшолпан Файзрахманова.

Ол түйе бағуды ойлап жүргендерге түлікті жергілікті жерден алуға кеңес берді. «Басқа жақтан болса, қашып кетуге бейім тұрады, өйткені мекенін сағынады» дейді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жуырда Қызылорда облысының Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт іске қосылды.