ЕО Украинаны IRIS² қорғалған спутниктік жүйесіне қосуды талқылауда
ЕО Украинаны IRIS² қорғалған спутниктік байланыс бағдарламасына қосуды талқылап жатыр. Жүйе 348 спутниктен тұрады, алғашқы ұшыру 2029 жылға жоспарланған.
Еуропалық Одақ Украинаны жаңа IRIS² қорғалған спутниктік байланыс бағдарламасына қосу мәселесін келісіп жатыр. Бұл туралы ЕО-ның қорғаныс және ғарыш жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс Парижде өткен халықаралық ғарыш саммитінде хабарлады.
Кубилюстің сөзінше, ЕО Украинамен GovSatCom және IRIS² бағдарламаларына қатысуын талқылауды бастаған.
IRIS² жүйесі төмен және орта Жер орбиталарындағы 348 спутниктен тұрады. Алғашқы спутниктерді 2029 жылы ұшыру жоспарланып отыр.
Комиссардың айтуынша, IRIS² жоғары деңгейде қорғалған спутниктік байланысты қамтамасыз етуге арналған. Жүйе ЕО елдерінің қарулы күштеріне бірыңғай желі арқылы байланыс орнатып, іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жаңа спутниктік байланыс мемлекеттік органдарға, қарулы күштерге, компаниялар мен жеке пайдаланушыларға қызмет көрсетуге бағытталған.
IRIS² — Galileo спутниктік навигация жүйесі мен Copernicus Жерді бақылау бағдарламасынан кейінгі Еуропалық Одақтың тағы бір ірі ғарыштық жобасы.




