Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алгоритмдер әуелі жұлдызға айналдырып, кейін мансабын құртқан блогердің оқиғасы

Грег Чизмнің YouTube-тағы мансабы алгоритмдердің әсерінен қалай өзгергені және Toy Freaks арнасының жабылуына әкелген оқиға туралы баяндалады.

Алгоритмдер әуелі жұлдызға айналдырып, кейін мансабын құртқан блогердің оқиғасы
Сурет: aikyn.kz

Грег Чизмнің YouTube-тағы мансабы кездейсоқ басталды. Ол алғашқы видеосын ересек кезінде тісіне брекет қойдырғаны туралы түсірген еді. Көрермендер кадрдағы көгал шабатын машинаны байқап, оған өз жұмысы туралы контент жасауды ұсынды. Осылайша ол Geek to Freak Lawn Care арнасын ашып, көгал күтіміне арналған видеолар жариялай бастады. Кейбір роликтері 100 мыңнан астам қаралым жинап, Чизм осы салада танымал инфлюенсерге айналды.

Оның онлайн мансабындағы ең үлкен бетбұрыс балаларға арналған контентке ауысқан кезде болды. Қыздарымен бірге Barbie ойыншығын ашу туралы түсірген видеосы 10 млн қаралым жинаған соң, YouTube өкілдері оған табысты қайталауды үйрететін арнайы бағдарламаға қатысуды ұсынды. Чизм іздеу жүйесін оңтайландыруды меңгеріп, балалар жиі іздейтін сөздерді тақырыптарға қоса бастады. Арнасының атауын Toy Freaks деп өзгертті.

Алгоритм жаңа әрі ерекше контентті талап еткен сайын видеолардың сипаты да өзгере түсті. «Bad Baby» форматындағы роликтер орасан аудитория жинады. Ең танымал видеосы 622 млн рет қаралған. 2016 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың маусымы аралығында Чизмнің видеолары жалпы 13 млрд қаралым жинап, кей айларда Toy Freaks бүкіл YouTube-тағы ең көп қаралған арналардың біріне айналды.

«Мен «Bad Baby»-ді жасадым, ол бірден танымал болды. Оны қайталайтын жүзге жуық арна болған шығар», – дейді Чизм. Оның форматын басқа елдердегі контент жасаушылар да көшіре бастаған.

Дәл осы кезеңде YouTube Kids платформасында балаларға арналған болып көрінгенімен, зорлық-зомбылық пен үрейлі көріністер қамтылған видеолар көбейді. Кейін бұл құбылыс #Elsagate деген атаумен үлкен дауға айналды. Toy Freaks те сынның ортасында қалды. 2017 жылы YouTube жүздеген аккаунтты жойды, олардың ішінде Грег Чизмнің арнасы да болды. Кейін құқық қорғау органдары оның әрекеттерін тексергенімен, оған қылмыстық айып тағылмады.

Чизмнің айтуынша, арна жабылғаннан кейін оның отбасы үшін ең ауыр кезең басталған. Интернеттегі шағымдардан соң полиция мен балаларды қорғау қызметтері үйіне келіп, қыздарынан бөлек жауап алған. Ол осы оқиғадан кейін адамдардан оқшауланып, ұзақ уақыт қалыпты өміріне қайта орала алмайды.

Қазір Чизм YouTube-қа қайта оралып, тағы да көгал күтімі туралы контент жариялай бастады. Бірақ бұрынғы тәжірибесін қайталағысы келмейді. Оның оқиғасы интернеттегі танымалдықтың екінші қырын көрсетеді. Алгоритм көрермен сұранысына қарай авторды тез көтерегенімен, сол ынталандыру жүйесі контентті барған сайын шектен шығуға итермелеуі мүмкін.