Ахмет Байтұрсынұлы: қазақ тілінің реформаторы және оның мұрасы
Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, жазу реформасы, тілдік терминдері, «Қазақ» газеті, Баку съезі және қуғын-сүргін тарихы туралы толық мақала.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлттық жазуды жаңартқан ағартушы, әдебиеттанушы, ақын, аудармашы, публицист және Алаш қозғалысының белгілі тұлғасы. Оның өмірбаянындағы ең алғашқы дерек – туған күні ұзақ уақыт бойы әртүрлі көрсетіліп келді.
Әдебиеттерде Ахмет Байтұрсынұлының туған күні ретінде 1873 жылдың 28 қаңтары, 15 немесе 18 қаңтары деген нұсқалар кездеседі. Алайда кейінгі зерттеулер 1872 жылғы 5 қыркүйек деген датаға басымдық берді. Бұған оның өз қолымен толтырған құжаттары негіз болды. Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінде сақталған сауалнамалардың бірнешеуінде қайраткер туған күнін 1872 жылғы 5 қыркүйек деп көрсеткен. Мысалы, Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариаты қызметкерінің сауалнамасында «5 қыркүйек, 1872 жыл» деп жазылған. 1925 жылғы 17 қарашада рәсімделген Халыққа білім беру институтының сауалнамасында да дәл осы дата көрсетіледі. Ал 1929 жылы өз қолымен жазған өмірбаянында туған жылын 1872 жыл деп көрсеткен. Сондықтан бүгінде ресми деректерде Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылғы 5 қыркүйекте Торғай өңірінің Сарытүбек елді мекенінде дүниеге келген деп көрсетіледі.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мәдениетіне қосқан ең үлкен өзгерістерінің бірі – жазу реформасы. ХХ ғасырдың басында қазақтар қолданған араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере бермейтін. Ол 1910-1912 жылдары араб графикасын қазақ тілінің табиғатына бейімдеп, артық таңбаларды алып тастап, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес жаңа әліпби жүйесін жасады. Бұл әліпби 24 таңбадан тұрды және 1913 жылдан 1929 жылға дейін қазақ даласындағы мектептерде қолданылды. 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралы» осы жазу жүйесі негізіндегі сауат ашу кітабы болды, ол бірнеше рет қайта басылып, қазақ балаларының сауатын ашуға пайдаланылды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін тек зерттеп қойған жоқ, ол қазақ тіл білімінің ғылыми ұғымдары мен атауларын жүйеледі. Оның «Тіл – құрал» еңбегі қазақ тілінің құрылымын ғылыми тұрғыдан жүйелеген алғашқы іргелі оқулықтардың бірі саналады. Бүгінде мектептен бастап қолданылатын «зат есім», «сын есім», «етістік», «есімдік», «үстеу», «шылау», «одағай», «бастауыш», «баяндауыш», «жай сөйлем», «құрмалас сөйлем», «қаратпа сөз» тәрізді көптеген тілдік термин Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған ғылыми жүйенің құрамына кіреді. Яғни Ахаңның мұрасы кітапхана сөресінде қалған тарихи дүние ғана емес, қазақ тілінде сөйлеп, оның грамматикасын үйренген әр адам күні бүгінге дейін Байтұрсынұлы қалыптастырған ғылыми тілмен жұмыс істеп келеді.
Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір үлкен қызметі журналистикамен байланысты. 1913 жылы Орынборда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және басқа қазақ зиялыларының қатысуымен «Қазақ» газеті шыға бастады. Ахмет Байтұрсынұлы басылымның негізгі ұйымдастырушыларының әрі редакторларының бірі болды. 1918 жылға дейін шыққан газет сол кезеңдегі қазақ қоғамының ең маңызды мәселелерін көтерген жалпыұлттық мінберге айналды. Оның беттерінде жер, оқу-ағарту, шаруашылық, тіл, ел басқару және қазақ қоғамының саяси болашағы талқыланды. Осылайша Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі мектеп пен оқулық шеңберінде қалған жоқ, ол баспасөзді қоғаммен сөйлесудің және ұлттық сананы қалыптастырудың құралына айналдырды.
Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми беделі қазақ даласымен ғана шектелмегенін 1926 жылғы Баку жиыны да көрсетеді. 1926 жылғы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Бакуде І Бүкілодақтық түркологиялық съезд өтті. Оған Кеңес Одағындағы түркі халықтарының өкілдерімен бірге Түркия, Иран, Германия, Австрия, Венгрия және басқа елдерден ғалымдар қатысты. Ахмет Байтұрсынұлы съезд төралқасына сайланды. Ол жиында орфографияның негізгі принциптері мен түркі тілдеріндегі ғылыми терминология мәселелеріне қатысты баяндамалар жасады. Бұл кезеңде түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қызу талқыланып жатқан еді. Байтұрсынұлы жазу мәселесіне саяси науқан ретінде емес, тілдің табиғаты мен халықтың сауаттылығы тұрғысынан қарады.
1929 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы саяси қуғынға ұшырады. Ол қамауға алынып, жер аударылды. 1934 жылы бостандыққа шыққанымен, сталиндік қуғын-сүргіннің жаңа толқыны кезінде қайта тұтқындалды. 1937 жылғы 8 желтоқсанда Ахмет Байтұрсынұлы атылды. Оның аты мен еңбектеріне ұзақ уақыт бойы тыйым салынды. Тек 1988 жылы ғалым ақталып, мұрасы халқына қайта орала бастады. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының туған күні жеке тұлғаны еске алу шеңберінен әлдеқашан шыққан. 2017 жылдан бері 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып өтеді. Бұл датаның Ахмет Байтұрсынұлымен байланыстырылуының өзіндік мәні бар. Ол қазақ тіліне жаңа әріптер ғана ұсынған жоқ, тілді оқытудың жүйесін жасап, оның ғылыми терминдерін қалыптастырды, қазақша оқулық жазды, баспасөз арқылы қоғамдық ойдың дамуына ықпал етті. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының 154 жылдығында оның мұрасын өткеннің ескерткіші ретінде ғана емес, бүгінгі қазақ тілінің күнделікті қолданысында өмір сүріп жатқан жүйе ретінде бағалауға негіз бар.




