Абай әлемі: «Толық адам» танымы ұлт сапасын қалай көтереді
Абай мұрасын насихаттау, цифрландыру және «толық адам» концепциясының қоғамға әсері туралы талдау.
Абай қазақты таныды. Ұлттың болмысын, кемшілігі мен кемел тұсын аңғара білді. Бостекі ойын-күлкіге салынбау, еңбектің қадірін білу, кәсіппен шұғылдану, ізгілік таныту сынды «адам болудың әліппесін» үйретті. Ендігі кезек қазақтың өзінде. Қоғам алдында Абайды тану, оны әлемге таныту міндеті тұр. Ғұламаның шығармашылығы қалай насихатталып жатыр, ақын ұсынған рухани концепциялар қазақ қоғамын өзгерте алды ма? Абай күні аясында тақырыпқа үңілейік.
Берлиннен Тегеранға дейін: Абай мұрасы мәдени дипломатияға айналды
Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу өткен ғасырдың өзінде-ақ қарқын алды. Кеңес үкіметі тұсында һакімнің еңбегі әлем тілдеріне аударылып, мерейтойын ауқымды деңгейде атап өте бастады. Тәуелсіздік жылдары бұл шаралар жалғасын тауып, Абай атындағы мектептер, көшелердің қатары көбейген. 2020 жылы Үкімет Қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленді, ал өткен жылы 180 жылдық мерейтой ел көлемінде дүркіреп өткен болатын.
Халықаралық ұйымдар мен шетелде де құрмет түгесілген емес. Мысалы, ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланса, 175 жылдық мерейтой аясында шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылғаны есте. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Тұрақты Кеңесінің XXXVII-ші отырысында 2020 жылды түркі әлемінде «Абай Құнанбайұлы жылы» деп жариялады. 2020 жылы Қазақстанның Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы, Эфиопиядағы, Италиядағы және т.б. елшіліктері жанынан Абай орталығы ашылғанын білеміз.
Бұдан бөлек Берлин, Киев, Нью-Дели, Каир, Душанбе, Ташкент, Акдаш қалаларында – ақын атындағы көше, Лондонда – Абай үйі, Бейжіңде – Абай ескерткіші, Тегеранда – Абай мүсіні, Бішкекте – Абай Құнанбайұлы атындағы көше мен ескерткіші бар. Осылайша, ойшылдың танымын таныту арқылы халықтар достығы, Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы беделі нығайып келеді.
Ақын шығармаларын цифрландыру қай деңгейде?
Әрине, басты насихат пен зерттеу академиялық ортаның мойнында. Бар мұраны халыққа жеткізу, шығармаларды талдау әрі оны бүгінгі қоғамның таным-түсінігіне бейімдеу ғалымдардың еңбегінсіз мүмкін емес. Сондықтан мемлекет Абай мұраларын зерттеуге арналған бағдарламалар әзірлеп, ғалымдардың ізденісіне мүмкіндік берді.
Нәтижесінде бұған дейін «Абайтану. Таңдамалы» 5 томдық, «Абай және ақын шәкірттері мұрасы» 4 томдық және «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» зерттеушілердің жәрдемімен жарық көрді. Абай институты 50 томдық «Абайтану. Таңдамалы еңбектер», 10 томдық «Абайтану антология» сынды кітап әзірледі.

Осы тұста «Abai akademiyasy» порталының орны ерек. Портал Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз қатарында. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы форматқа көшірілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.
Абайтанушы Арап Еспенбетовтің пікірінше, энциклопедиялық портал ғылыми-ақпараттық ортада бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс.
– Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін ең үлкен басты құрал, энциклопедия, – деді Арап Еспенбетов.
Абай мұрасын цифрлық кеңістікке көшіру соңғы жылдары айтарлықтай серпін алды. Ақын шығармалары электронды кітапханалар, мультимедиалық ресурстар, деректі фильмдер мен онлайн курстар арқылы кеңінен таралып жатыр. Мысалы, Kitap.kz, Kazneb.kz, OpenU.kz секілді платформаларда Абай мұрасына қатысты контент жиі жарияланады. Бүгінге дейін ғұламаның шығармашылығын цифрландыруға бағытталған қазақ тілінде 22 әлеуметтік-танымдық жоба әзірленген. Олардың барлығы дерлік қосымша түрік, орыс және ағылшын тілдеріне аударылған.
Есте болса, өткен жылдың аяғында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты цифрлық корпус әзірледі. Онда Абайдың 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағынан бастап, кейінгі жылдары дайындалған барлық академиялық басылымдардың электронды нұсқалары қосылған. Әр жылдары хатқа түскен қолжазбаларды, сирек нұсқалар мен архивтік материалдарды біртұтас ғылыми цифрлық кеңістіктен көруге болады.
Абайтану институтын қалай қалыптастырамыз?
Қазір ел аумағында жекелеген ғылыми орталықтар Абай Құнанбайұлын зерттеумен айналысады. Ал ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Содан бері ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 100-ге жуық ғылыми-танымдық кітап шығарылыпты. Дегенмен зерттеу саны көбейгенімен, һакімнің мұраларының мазмұны толық ашылды деуге ерте.

Абайтанушы Серікбай Қосановтың айтуынша, Абай шығармаларының өзегін зерттеу үшін ғалымдарға жан-жақты білім керек. Әсіресе, мәтінтану ғылымындағы тәжірибе маңызды.
– Бүгінге дейін Абай шығармаларына толық текстологиялық талдау бола қойған жоқ. Ол оңай дүние емес. Көп тер төгу мен шұқшия еңбектенуді қажет ететін күрделі жұмыс. Абай шығармаларының текстологиясын зерттейтін ғалымға шығыс тілдерін жетік меңгеруі, қолжазба оқудағы тәжірибесіне қоса, шығарманың көркемдік деңгейіне ой жүгіртетіндей ақындық қабілеті болуы шарт. Осы білім-білік толық бойында бар адам ғана бұл міндетті абыройлы атқара алады, – деп түсіндірді ғалым.
Мәтінтану қазақ әдебиеттану ғылымындағы кенже сала саналады. Серікбай Қосановтың пайымынша, Абай шығармаларының мәтінін зерттеу бағытында Қайым Мұхаметханов, Ханғали Сүйіншалиев секілді санаулы ғалымдардың ғана толық мүмкіндігі болды. Алайда, ол уақытта ғылымның даму деңгейі әлі де төмен болатын әрі ғалымдардың қолында ақын қолжазбаларының барлық нұсқасы түгелдене қойған жоқ.
– Бір жақсысы, қазір Абайға қатысты қолжазбаның бәрі дерлік жинақталған, іздеген ғалымға олардың электронды нұсқалары қолжетімді. Зерттеймін деген талапкерге барлық мүмкіндік бар, – дейді Серікбай Қосанов.
Кемелдікке ұмтылған ұлт
Абайдың көңіл көзімен көрген ақиқаты, ойға түйген пайымы заманмен де, жаңамен де үйлеседі. Сондықтан ақын мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіру қоғам алдындағы негізгі міндетке айналды десек, артық болмас. Оның үстіне мемлекеттік идеологияның мазмұны Абайдың адамдық қасиет, өмірлік ұстаным, әлеуметтік қағида турасындағы пәлсапалық концепциясымен үндес.
– Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін, – деген болатын Президент.

Абайтанушы Асан Омаровтың айтуынша, «толық адам» – бүгінгі қоғам ескеруі керек идеал ұстаным. Формуланы тарқатып, өскелең ұрпақтың танымына шақтай алсақ, ұлт сапасын көтеруге болады.
– Қазіргі заманда «толық адам» болуы мүмкін емес. Бірақ бұл идеяны ұстану аса қажет. Неге? Себебі бұл — алыстағы тау сияқты немесе теңіз жағасындағы шамшырақ сияқты адастырмай жол көрсетіп тұратын концепция. Ол таудың шыңына шығу түгілі жете алмауың мүмкін. Бірақ жеке адам да, бүкіл қоғам да қалай қарай ілгерілеу керектігін білетін болады. Қазір осындай шамшырақ жоқтығынан адамзат басын тасқа да, тауға да ұрумен келеді. Соғысқұмарлық, өшпенділік те содан туады, – дейді абайтанушы.
Ғалым «толық адам» ілімін мектеп бағдарламасына енгізу қажет деген ойда.
– Мектепке енгізу, бұл идеяны әр ұстаздың білуін міндеттеу ауадай қажет. Оны енгізу үшін бүкіл педагогтер корпусы, яғни миллиондаған қауым Абайды тануға ынталы болуы керек. Мемлекет тарапынан «Абайды білмесең, білгің келмесе, ұстаз емессің» дегенге саятын қатаң талап болуы керек. Қазір көп мұғалім Абайдың кітабын қолына да алмайды. Оны өмірден көріп жүрміз, – дейді Асан Омаров.
Бүгінде Қазақстанда Абай атындағы 119 мектеп бар. Көбі Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Жетісу облыстарында орналасқан. Ғалымдар Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауды, пәлсапалық ойларын енгізуді осы мектептерден бастауды ұсынып жатыр.
Жалпы оқу-ағарту министрлігі мектептердегі тәрбие-білім саясатында Абай мұраларын жиі қолданады. Оқу бағдарламасында ақын шығармашылығына орын берілген. Мысалы, қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы сыныптардың «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша үлгілік бағдарламада ақынның шығармалары оқытылады. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын «Абай мектептерінде» арнайы «Абайтану» оқу пәні бар. Оған қоса мектеп оқушылары арасында «Абай оқулары» шығармашылық байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналғалы көп болды.
Бастысы, білім беру ұйымдарындағы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы Абайдың «толық адам» ілімімен сабақтас, мағынасы үндес. Мәселен, бағдарлама еңбекқорлық пен кәсіби білік, әділдік пен жауапкершілік, бірлік және ынтымақ, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын басшылыққа алады. Ал мұның барлығы Абай көрсеткен «толық адамның» бойында бар.
Әлеуметтік желілерде Абай өлеңін оқу челленжін жиі кездестіреміз. Қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, әншілер, спортшылар ұдайы челленжге қатысып, ақын шығармаларын насихаттауға үлес қосып келеді. Демек, қоғамда Абай мұрасына деген сұраныс, танымына сусау бары байқалады.



