Черногорияға визасыз бару: қандай шарттарды орындау қажет
Черногорияға визасыз бару үшін Шенген, АҚШ, Ұлыбритания немесе Ирландия визасы болуы қажет. Елде болу мерзімі 30 күнге дейін.
Черногория үкіметінің ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстан азаматтары аталған елге жеке Черногория визасынсыз кіре алады, бірақ ол үшін қолданыстағы Шенген визасы, АҚШ, Ұлыбритания немесе Ирландия визасы болуы шарт. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Сондай-ақ аталған елдер немесе Шенген аймағы берген тұруға рұқсаты бар азаматтарға да осындай мүмкіндік қарастырылған. Осы талаптарды орындаған саяхатшылар Черногорияға кіріп, ел аумағында бола алады немесе транзитпен өте алады.
Черногорияда болудың рұқсат етілген мерзімі — 30 күнге дейін. Алайда визаның жарамдылық мерзімі бұдан ертерек аяқталса, елден сол мерзім біткенге дейін шығу қажет. Мысалы, визаның аяқталуына 12 күн қалса, осы құжаттың негізінде Черногорияда толық 30 күн болуға болмайды.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан азаматтары үшін 1 мамырдан бері қолданылған маусымдық визасыз режим аяқталды. 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында қазақстандықтар жарамды жол жүру құжаты болған жағдайда Черногорияға визасыз кіріп, елде бола алатын және транзитпен өте алатын. Бұл кезең аяқталғаннан кейін визалық талаптар қайта қолданыла бастады. Дегенмен жоғарыда аталған визалары немесе тұруға рұқсаттары бар азаматтар үшін ерекшеліктер сақталған.
Черногория үкіметінің ресми сайтында Қазақстан азаматтарына жалпы тәртіп бойынша елге кіру үшін виза қажет екені көрсетілген. Визаны Черногорияның дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы рәсімдеуге болады. Егер мұндай өкілдікке жүгіну мүмкін болмаса, визалық өтінішті Қазақстандағы Болгария елшілігіне тапсыруға рұқсат етіледі.
Сапар алдында визаның немесе тұруға рұқсаттың жоспарланған сапар күндерінде жарамды екеніне және жол жүру құжатының жарамдылық мерзіміне көз жеткізу қажет.
Бұған дейін Черногория ұлттық визаларға құжат қабылдайтын визалық орталықтар желісін кеңейтетінін хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта VFS Global визалық орталықтары Үндістан, Бангладеш, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресейде жұмыс істейді. Келесі кезеңде визалық орталықтар ашылатын елдердің қатарына Қазақстан да енгізілген. Сонымен қатар Пәкістан, Қытай, Армения, Филиппин, Қатар, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Беларусь, Непал және Өзбекстанда жаңа орталықтар ашу жоспарланған. Болашақта бұл желіні Иордания, Кувейт, Таиланд және Индонезияға дейін кеңейту көзделіп отыр.




