БАӘ жағалау күзеті өртенген танкерден 22 теңізшіні құтқарды
БАӘ жағалау күзеті Парсы шығанағында өртенген мұнай танкерінің 22 экипаж мүшесін құтқарды. Оқиға Рас-әл-Хайма жағалауынан 13 теңіз милі қашықтықта болған.
Парсы шығанағында өртке оранған мұнай танкерінің 22 экипаж мүшесі Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық гвардиясына қарасты жағалау күзеті тарапынан құтқарылды.
Ведомствоның хабарлауынша, құтқару жұмыстары кемеден апат белгісі келген соң дереу ұйымдастырылған. Арнайы топтар танкердің нақты орнын анықтап, теңізшілерді қауіпсіз жерге көшірген. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетіліп, олар тиісті мекемелерге тапсырылды. Экипаж мүшелерінің халі қалыпты деп бағалануда.
Бұған дейін, 9 қазанда Ұлыбритания Әскери-теңіз күштерінің Теңіз саудасын үйлестіру орталығы (UKMTO) БАӘ жағалауына жақын маңда танкерге белгісіз снаряд тигенін мәлімдеген еді.
Оқиға Рас-әл-Хайма әмірлігіндегі Әл-Джазира әл-Хамра жағалауынан батысқа қарай 13 теңіз милі жерде орын алған. Снаряд кемеге тиген соң өрт шығып, кейін оны ауыздықтау мүмкіндігі туды.
Танкердің атауы мен тіркелген порты әзірге жария етілген жоқ.




