Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Шәміл Әбілтайдың күйшілік философиясы: дыбыстан басталған жігер

Шәміл Әбілтайдың күйшілік өнері дыбыс пен еркіндікке негізделген. Оның «Жігер» күйі төзімділік пен дәстүрді жалғастырудың символы.

Шәміл Әбілтайдың күйшілік философиясы: дыбыстан басталған жігер
Сурет: aikyn.kz

Күйшілік – музыканың ар жағындағы дүниені сезіну, күйдің мінезін тану және сол мінезді өз табиғатыңнан өткізіп, қайта сөйлете білу. Шәміл Әбілтайдың өнеріне осы тұрғыдан қараған жөн. Оның күйін алғаш тыңдағанда, таңғалатын нәрсе – жылдамдық та, қағыс та емес, ең алдымен дыбыстың өзіне тән бояуы.

Домбыра туралы сөз болғанда, орындаушылық шеберлік көбіне оң қолмен байланыстырылады. Бірақ күйдің дыбысы тек оң қолмен жасалмайды. Шәмілді тыңдағанда, сол қолдың қызметіне еріксіз назар аударасың. Бір нотаны он адам бір пернеден басуы мүмкін, бірақ он адамның домбырасынан он түрлі үн шығады. Сол онның ішінде Шәмілге жететіні жоқ.

Кейбір орындаушылық құбылыстарды терминге айналдырып үлгерген сәтте оның негізгі әсері жоғалып кететіндей болады. Шәмілдің дыбысын да тек қағыс формуласы арқылы түгел түсіндіру мүмкін емес. Оны тыңдап сезіну керек. Оның күйін тыңдағанда, алыстан естілген азан ойға оралады. Бір сәтке айналадағы тіршілік кейін шегінеді, сен сол үнді талдап отырмайсың, бірақ оның соңынан іштей еріп кетесің. Дыбыс өз шекарасын құрып, тыңдаушыны соның ішіне алып кіреді.

Кез келген сахналық өнерде орындаушы мен аудитория арасында жасырын келісім болады. Күй түсінетін нағыз тыңдаушы жолықса, көп домбырашылар соның ығына жығылып кетеді. Ал Шәміл ондай емес. Ол аудиторияның ығына жығылмайды, керісінше, аудитория оның ығына жығылады. Күйді өзі «дұрыс» деп таныған арнамен жүргізеді. Бұл – орындаушылықтағы ішкі тәуелсіздік.

Сурет: aikyn.kz

Шәмілдің еркіндігі осы тәуелсіздіктен туындайды. Күйді қатып қалған мәтін ретінде қабылдамайды, керек кезінде қосады, тізгінді босатып, еркін жүреді. Бірақ бұл еркіндікті «ойына келгенін жасау» деп түсіну қате. Күйшілік өнердегі кемелдіктің бір өлшемі – қай жерде өзгертуге болатынын білу.

Шәміл Әбілтайдың күйшілік мектебін Қали Жантілеуовтен бөліп қарау мүмкін емес. Қали айтқан ойды Шәміл басқа тыныспен жалғайды. Мұны дәстүрден ауытқу деп емес, дәстүрдің тірі екенінің белгісі деп қабылдаған жөн. Аустралиялық этномузыкатанушы Маргарет Картоми орындаушыны тек музыка жасайтын адам ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Нағыз орындаушының назарында дыбыс та, орындау техникасы да, дене қимылы да, импровизация да, стиль де, тыңдаушы арасындағы қатынас та бар.

Швед психологы Патрик Юслиннің жазуынша, музыкадағы мағына микроскопиялық шешімдердің арасынан пайда болады. Шәмілдің еркіндігі де осындай ұсақ, бірақ маңызды шешімдерден көрінеді. Ол «Ақбайды» Қалекеңдей дәлме-дәл қайталамайды, күйдің негізгі сарыны мен табиғатын сақтай отырып, оны өз түсінігімен сөйлетеді.

Шәміл Әбілтай – дәстүрлі мұраны жеткізуші ғана емес, күй шығаратын автор. «Қазағым», «Жігер», «Бекет ата», «Ай жарық», «Матай», «Өтеміс-Жаныс», «Өрікгүл», «Ұлытау», «Тұран» сынды күйлері қазіргі заман композиторлары күйлерінің алтын қорына енген. Оның «Жігер» күйі – төзу, шыдау, іштен сынбау, қайта тұру, өзіңе тиесілі жолдан бас тартпау. Өз мектебін білу, бірақ сол мектептің көлеңкесінде қалып қоймау – ол жігер; ұстазды құр қайталамай, оның өзінше жалғастыру – ол да жігер; аудиторияның көңілін аулаудың оңай жолына түспей, тыңдаушыны өзінің музыкалық әлеміне ерте алу да жігер. Ең басты жігер – өзінің дыбысын жоғалтпау.