Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

2026 егін науқаны: ыстық пен қуаңшылық астық өніміне әсер етуде

2026 егін науқаны: ыстық пен қуаңшылық астық өніміне әсер етуде
Сурет: inform.kz

Биылғы егін науқанында аптап ыстық пен құрғақшылық бірқатар өңірдегі егістікке сын болды. Ауа райының өнімге әсері мен агросектордың климаттық өзгерістерге бейімделуі жайлы министрлік деректері мен сарапшылар пікіріне сүйеніп, Kazinform тілшісі талдау жасады.

Өткен жылы Қазақстан рекордтық 27,1 млн тонна астық жинады, оның 20,3 млн тоннасы бидай болды. Биылғы маусымда ауа райы құбылмалы болды: маусымда температура нормадан 1–5 градусқа жоғарылап, күндіз +30…+38 °С-қа, оңтүстікте +43 °С-қа жетті. Шілдеде де ыстық сақталып, рекорд жаңарды.

Алайда ыстық барлық өңірге бірдей әсер еткен жоқ. Оңтүстік пен орталықта ыстық басым болса, батыста Атлант циклондарының ықпалымен салқын әрі жауын-шашынды болды. Кей аудандарда жауын-шашын нормадан 2–5 есе асып түсті. Тамызда да өңірлер арасындағы айырмашылық сақталады: солтүстікте найзағайлы жаңбыр күтілсе, оңтүстік пен батыста ыстық жалғасады. «Қазгидромет» Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының кейбір аудандарында атмосфералық құрғақшылықты болжап отыр.

Сурет: inform.kz

Биылғы маусымның ерекшелігі – елді тұтас қамтыған қуаңшылық емес, өңірлердегі ауа райының әркелкілігі. Бұл егіннің жағдайын біркелкі бағалауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді және майлы дақылдар егістігінің басым бөлігін қанағаттанарлық күйде деп бағалайды.

Қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған құбылыс емес. 2012 жылы бидай өнімділігі гектарына 7,9 центнерге дейін түсіп, бір жыл бұрынғы 16,6 центнермен салыстырғанда екі еседен астам азайды. 2021 жылғы аномальды қуаңшылықтан кейін бидай түсімі 11,8 млн тоннаны құрады. 2023 жылы да көрсеткіштер төмен болды: дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 9,7 ц/га, бидайдікі 8,5–8,6 ц/га шамасында қалыптасты. Алайда 2024 жылы егін көлемі айтарлықтай өсіп, өткен жылы рекордтық 27,1 млн тонна астық жиналды.

Биылғы орақ әдеттегіден ерте басталды, себебі ыстық дәнді дақылдардың ерте пісуіне әкелді. Қазір орташа өнімділік гектарына 16,4 центнерді құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі 14,8 центнерден жоғары. Егістіктің жалпы жағдайы тұрақты: дәнді және майлы дақыл алқаптарының 99%-дан астамы жақсы және қанағаттанарлық деп бағалануда. Алайда Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 87,2%, Павлодарда – 99,3%, Шығыс Қазақстанда – 98,8%. Зардап шеккен алқаптардың үлесі жалпы дәнді дақылдар егісінің 1%-ынан аз.

Сурет: inform.kz

Орақ қарқыны да өткен жылдан жоғары: қазір 2,4 млн гектар немесе 15,3% жиналды, былтыр осы кезеңде 1,2 млн гектар (7,4%) болған. Орташа өнімділік 15,8 ц/га болғанда, 3,8 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы осы уақытта 1,8 млн тонна жиналған еді. Жаппай жинау тамыздың үшінші онкүндігінде басталады, сондықтан түпкілікті көрініс негізгі алқаптар орылғаннан кейін ғана қалыптасады. «Қазгидромет» биыл жаздық бидай өнімділігі көпжылдық орташа көрсеткіш деңгейінде болады деп болжайды.

Өңірлердегі жағдай әркелкі. Павлодар облысында 40 күннен астам жауын-шашынсыз ыстық әрі құрғақ ауа райы сақталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егістіктің шамамен 10%-ы нашар, 78%-ы қанағаттанарлық, 15%-ы ғана жақсы жағдайда. Арнайы комиссия зардап шеккен алқаптарды тексеріп, шығын көлемін анықтап жатыр.

Ауыл шаруашылығы компаниясының директоры Шыңғыс Ахмеров солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі ахуал жалпы статистикадан әлдеқайда күрделі деп санайды. Оның айтуынша, Павлодар облысында кейбір шаруашылықтар зардап шеккен алқаптарды қайта жыртуға мәжбүр болған. Ол ел бойынша бидай түсімі орта есеппен 13 млн тоннадан аспауы мүмкін деп болжайды, өткен жылы 20 млн тоннадан астам өнім жиналған еді.

Сурет: inform.kz

Нарық әзірге астық тапшылығын күтпейді. Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов құрғақ әрі ыстық ауа райы кей өңірлерде өнімділікке кері әсер етуі мүмкін екенін айтады, бірақ түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Ол бидай түсімі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге, өңдеуге және экспортқа жеткілікті болатынын, алайда өткен жылғыдай рекордтық өнім болмайтынын атап өтті.

Аптап ыстық пен ылғал тапшылығы солтүстік, орталық және шығыс өңірлердің бірқатарында өсімдіктердің дамуын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10–14 күнге жеделдеткен. Жаздық бидайда сүттену мен балауызданып пісу кезеңдері, арпада балауызданып және толық пісу фазалары байқалды. Солтүстік өңірлердің жекелеген аудандарында сұлы, арпа және бұршақ дақылдарын жинау басталып кетті. Алайда ерте пісу әрдайым артықшылық емес: ылғал тапшылығы кезінде вегетациялық кезеңнің қысқаруы дәннің толық қалыптасуына қажетті уақытты азайтып, өнімділік пен сапаға әсер етуі мүмкін.

Егін көлемінің өткен жылғы рекордтан төмен болуы автоматты түрде астық тапшылығына немесе бағаның күрт өсуіне әкелмейді. Нарыққа көршілес елдердегі астық бағасы, импорт пен транзит көлемі, экспорттық сұраныс пен валюта бағамы сияқты факторлар да ықпал етеді. Шыңғыс Ахмеровтің айтуынша, ішкі нарықтағы бағаға бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр, ал Евгений Карабановтың мәліметінше, қазір ішкі және экспорттық бағалар арасында алшақтық сақталып, сауда белсенділігі төмен.

Сурет: inform.kz

Мәселе тек тоннада емес, астықтың сапасында. 2025 жылғы рекордтық өнімнің өзінде 1–3-сыныпты жұмсақ бидайдың үлесі 53% болды, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 56% еді. 4-сыныпты бидайдың үлесі 35%-ға жетіп, шамамен 12% өнім сыныпқа жатпайтын бидай болды. Биылғы ыстық пен ылғал тапшылығы сапалық көрсеткіштерге де әсер етуі мүмкін.

Агросектордың алдында климатқа бейімделу мәселесі тұр. А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының агроландшафттық және бейімделмелі технологиялар зертханасының меңгерушісі Қанат Ақшаловтың айтуынша, қуаңшылық жағдайында бір ғана әдіске сүйену жеткіліксіз. Ол жергілікті топырақ-климаттық жағдайларға бейімделген, жоғары температура мен ылғал тапшылығына төзімді аудандастырылған сорттарға басымдық беруді, ылғал үнемдейтін технологияларды, топырақты минималды өңдеуді және тікелей себу (No-Till) әдісін қолдануды, өсімдік қалдықтарын алқап бетінде сақтауды, тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдалануды, сондай-ақ егістікті аурулар мен зиянкестерден уақытылы қорғауды ұсынады.

Ғалымның пікірінше, бейімделудің тағы бір маңызды шарты – егіс мерзімі мен сортты өңірдің нақты жағдайына қарай таңдау. Ол өсіру технологияларын өңірдің нақты агроклиматтық жағдайларына бейімдеу, сорттың пісу тобына қарай оңтайлы себу мерзімдерін таңдау, ылғал үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану, топырақ құнарлылығын сақтау, егіс алқаптарын әртараптандыру және аудандастырылған, қуаңшылыққа төзімді сорттарды пайдалану маңызды екенін атап өтті.

Климаттық тәуекелдердің күшеюі егіс құрылымынан бастап селекцияға дейінгі бүкіл аграрлық саясатты қайта қарауды талап етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және қуаңшылыққа төзімді сорттарды көбейту жұмыстары жүргізілуде. Үкіметтің 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында дәнді, майлы, көкөніс және мал азықтық дақылдардың 108 жаңа сорты мен буданын шығару жоспарланған.

Егіс құрылымындағы өзгеріс те осы бағытты көрсетеді. Биыл майлы дақылдардың алқабы 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға, жүгері 253,4 мың гектарға жетті. Ал бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарды. Соңғы үш жылда дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 73%-дан 66%-ға төмендеп, майлы дақылдардікі 18%-ға дейін өсті. Оңтүстікте су ресурстарына түсетін салмақты азайту үшін дәстүрлі суармалы дақылдар – күріш пен мақтаның алқаптары да оңтайландырылып жатыр.

Алайда бұл өзгерістердің нәтижесі бірден көрінбейді. Қуаңшылыққа төзімді сорт шығару, егіс құрылымын өзгерту немесе су үнемдеу технологиясына көшу – бір маусымда шешілетін мәселе емес. Бұл өндірістік жүйені кезең-кезеңімен қайта құруды қажет етеді. Сондықтан биылғы орақ – тек аграршылар үшін емес, ауыл шаруашылығын климат тәуекелдеріне бейімдеудің бүкіл жүйесі үшін маңызды сынақ.