Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарында алтын алды
Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарында парадзюдодан алтын медаль жеңіп алды. Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуде күміс жүлдегер атанды.
Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының парадзюдошысы Жұрқамырза Шүкірбеков чемпион атанды. Ол J2 санатында 95 келіден жоғары салмақта белдесіп, алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық кездесуде отандасымыз ирандық Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзиден басым түсті.
Сол күні Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Пара жүзгіш Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды.
Бұл — Әли Тұрғанбековтің 2026 жылғы Азия Пара ойындарындағы екінші медалі. Бұған дейін ол Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллинамен бірге 4×50 метрге кешенді жүзуден аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алған еді.




