Жұмыс орындарының қолжетімділігін халыққа түсіндіру керек — Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс орындарының қолжетімділігін халыққа түсіндіру қажеттігін айтты.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі жұмыс орындарының қолжетімділігі туралы ақпаратты халыққа жеткізу жұмысын күшейту қажеттігін айтты.
«Біз жұмысты тоқтатпау үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Қоғамда елімізде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керек. Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орнын жариялағанын, оның ішінде 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі екенін жеткізді.
Министрдің айтуынша, азаматтардың 60-70 пайызы жұмысқа Электронды еңбек биржасы арқылы орналасады. Дегенмен, бос жұмыс орындарының 30-40 пайызы толтырылмай қалады. Осыған байланысты жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Жыл сайын елімізге жұмыс істеу үшін 300 мыңға жуық шетел азаматы келеді.
«Жалпы, бұл мәселе бойынша біз әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мансап орталықтарының жұмысы өзгеруде. Қазір қосымша цифрлық жүйені енгізіп жатырмыз», — деді Асқарбек Ертаев.




