Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты ойын білдірді
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, қоғамның адамгершілік деңгейіне үн қатты.
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікірін жазды. Ол соңғы кездері әйелдер өліміне байланысты жаңалықтарды көруге шыдамы таусылғанын айтты.
«Соңғы уақытта жаңалықтар легін қарай алмай жүрмін. Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан. Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?» — деп жазды ол.
Актрисаның пікірінше, мәселе тек тәрбиесіз ер адамдарда емес, жалпы қоғамның адамгершілік деңгейінде. Ол ерте тұрмыс құрған қыздарды да кінәламайтынын, қатыгез қоғамды айыптағысы келмейтінін жеткізді. «Меніңше, мәселе — әр адамның адамдық межесінде. Ардың межесі қандай? Ұяттың межесі ше? Жауапкершіліктің, құрметтің, мейірімнің шегі қайда?» — деп сұрақ қояды ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әрбір адамның осы жағдайларға қатысы барын атап өтті. «Қоғам — бізден бөлек тұрған бір ұғым емес. Қоғам — мен, сен, біздің отбасымыз, біздің балаларымыз», — дейді актриса.
Ол әркім сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауы керектігін еске салды. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста дегенді мен ойлап тапқан жоқпын. Ғасырлар бойы ойшыл даналар айтып келеді. Әр ана ұлы мен қызына адамдық пен мейірімді үйретсе, әр ер азамат өз әрекетіне жауап берсе, әр әйел өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қараса, әр шенеунік атқарып отырған қызметін аманат деп түсінсе, қоғам да біртіндеп өзгерер ма еді?» — деп ой түйеді.
Актриса заң, білім және тәрбие қажет екенін, бірақ ең алдымен әркім өзінен «Менің адамдық межем қандай?» деп сұрауы тиіс екенін айтты.




