Жол апаты кезінде куәгердің алғашқы көмек көрсету ережелері
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жол апаты кезінде куәгерлерге алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық берді.
Жол-көлік оқиғасы болған сәттегі алғашқы минуттар зардап шеккендердің өмірін сақтауда маңызды рөл атқарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі апат куәгерлеріне төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету бойынша нұсқаулық ұсынды.
Ең алдымен, оқиға орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Куәгер апаттық шамдарды қосып, өзіне және басқа адамдарға қосымша қауіп төнбеуін қадағалауы тиіс.
Жедел жәрдемді шақыру
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалып, оқиғаның нақты орнын және зардап шеккендердің санын хабарлау керек.
Зардап шеккен адамның жағдайын тексеру
Егер адам ес-түссіз болса, оның тыныс алуын тексеру қажет. Зардап шеккен адам қалыпты дем алмаса, жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек. ЖӨР кезінде кеуде қуысына 30 рет басып, содан кейін 2 рет дем беру ұсынылады. Бұл әрекетті медициналық көмек келгенше жалғастыру қажет.
Қатты қан кеткенде
Қан қатты кеткен жағдайда жарақаттанған жерді таза матамен немесе дәкемен басып, жедел жәрдем келгенге дейін қысымды ұстап тұру керек.
Зардап шеккен адамды қозғалтпаңыз
Министрлік жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен адамды қажет болмаса орнынан қозғауға болмайтынын ескертеді, себебі апат кезінде омыртқа жарақаты болуы мүмкін.
Осыған дейін eGov-та адам ауруханаға түскен жағдайда жақындарына хабарлайтын сервис іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз.




