Жіңішке ауылы тұрғындары енді спутниктік интернетті пайдаланады
Алматы облысындағы Жіңішке ауылы OneWeb спутниктік жүйесі арқылы интернетке қосылды. Министрлік өкілдері сапаны тексерді.
Алматы облысындағы Жіңішке ауылының тұрғындары спутниктік интернетке қосылды. Бұған дейін ауылда ұялы байланыс болмағандықтан, тұрғындар жақындарымен сөйлесу үшін биік жерлерге шығуға мәжбүр болған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 9 қазандағы мәліметінше, ауыл OneWeb спутниктік жүйесі арқылы интернетке қосылған. Жоба шалғай елді мекендерді байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Министрлік өкілдері Жіңішке ауылына барып, интернеттің жұмыс сапасын тексерген.
Ауыл тұрғыны Дәулетбек Алпысбаевтың айтуынша, бұрын тұрғындар тек үй телефонын пайдаланған. Ал туыстарымен ұялы телефон арқылы хабарласу үшін таудың басына немесе биік төбелерге көтерілуге тура келген. Қазір ауыл тұрғындары елді мекеннен шықпай-ақ интернет пайдаланып, мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады.
Ведомство мәліметінше, өткен жылы байланыс мүлдем болмаған ауылдарда OneWeb жүйесі негізінде 329-дан астам қоғамдық Wi-Fi нүктесі ұйымдастырылған. Биыл әкімдіктердің қосымша өтінімдері ескеріліп, жоба қамтитын ауылдар саны 371-ге дейін көбейген. Министрлік шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жалғасатынын хабарлады.




