Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Жетпіс жылдық дәстүр: Өрнектегі ақсақал тазы баптауды немересіне үйретіп жүр

Жамбыл облысындағы Бауыржан ата тазы баптау дәстүрін 70 жыл бойы сақтап, қазір немересі Шерниязға үйретіп жүр.

Жетпіс жылдық дәстүр: Өрнектегі ақсақал тазы баптауды немересіне үйретіп жүр
Сурет: aikyn.kz

Жамбыл облысындағы Өрнек ауылында тұратын Бауыржан атаның шаңырағында Ұшар мен Аққұс есімді екі тазы тұрады. Бірі ақ, жарғақ құлақ болса, екіншісі қара, шашақ құлақ. Екеуі де аңға деген құштарлығы басылмаған жүйріктер.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының өкілдері ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Бауыржан атаға арнайы барып, атадан балаға жалғасып келе жатқан тазы баптау дәстүрі туралы сұхбаттасқан.

Бауыржан ата бұл өнермен 70 жылға жуық айналысады. Ол тазыны алғаш рет 6-сыныпта оқып жүрген кезінде әкесінен үйренген. Әкесі оған тазыны қалай жүгіртуді, аңға салуды, құс салып, саятшылық құрудың жолдарын көрсеткен. Бала кезінде үлкендердің соңынан еріп жүріп үйренгенін кейін өмірлік серігіне айналдырған.

Оның айтуынша, аңға шығу қараша айында басталады. Тазыны үнемі жүгіртіп, бабын келтіріп отыру қажет. Үйдегі Ұшар мен Аққұстың аңшылыққа деген ынтасы ерекше.

«Екеуі де аң аулауға желіккен. Шығармай қойсаң, шапқылап, азық іздеп, аңсырап тұрады. Тазының табиғаты сондай. Далаға шығып, жүгіріп, аңға түскенде өзінің қасиетін көрсетеді», – дейді Бауыржан ата.

Ақсақал үшін тазы баптау – тек аңшылық түрі емес. Оның артында ұлттық дүниетаным мен атадан қалған өнеге жатыр. Сондықтан ол білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парызы санайды.

«Қазақтың жеті қазынасын қастерлеу керек. Балаға үйретіп, аманат етуіміз қажет. Ұлттық құндылықты жоғалтпай, ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Мен әкемнен үйрендім, балаларымды үйреттім. Енді немерем Шерниязға үйретіп жүрмін», – дейді ол.

Шернияз атасының жанынан табылып, тазы баптаудың қыр-сырын меңгеріп жүрген жас саятшы. Ол үшін бұл дәстүр – өткеннің естелігі емес, жалғасын табуға тиіс төл өнер.

«Біз секілді жастар бабадан қалған осы төл өнерді жалғастырмасақ, бұл өнер өшіп қалмақ. Сондықтан ат үстінде әрдайым табылуға әзірмін. Тазы баптауға, оны дамытуға, тазы тұқымын көбейтуге атсалысып, осы өнерді одан әрі дамытуды мақсат етіп отырмын. Атамнан үйренгенімді келешекте өзімнен кейінгі ұрпаққа жеткізгім келеді», – дейді Шернияз.

Қазақ үшін тазының орны қашанда бөлек. Ол – жеті қазынаның бірі ғана емес, дала тіршілігінде талай ғасыр бойы адамға серік болған, аңшылық мәдениетімен біте қайнасқан төл мұра. Өрнектегі Бауыржан атаның шаңырағында осы мұраның жібі үзілмей келеді. Кезінде әкесінің қасынан табылып, тазы баптаудың алғашқы сабақтарын алған Бауыржан ата бүгінде сол білгенін немересіне үйретіп отыр.

Атаның тәжірибесі мен немеренің ниеті тоғысқан жерде дәстүрдің де ғұмыры ұзарады. Себебі ұлттық өнердің сақталуы – оның бір адамның қолында қалуымен емес, кейінгі ұрпаққа аманат етілуімен өлшенеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Бауыржан ата мен Шернияздың тағылымы – тазы баптаудың ғана емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық тәрбиенің де көрінісі.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу – «Әділет» партиясының негізгі бағыттарының бірі. Ал бұл шаңырақтың жетпіс жылға жуық тарихы бар тазы баптау дәстүрі – құндылықтардың нақты көрінісі.