Жапонияда адамға арналған тоңазытқыш кабинасы таныстырылды
Жапонияда адамға арналған тоңазытқыш кабинасы таныстырылды. Do Hiemon Box құрылғысы аптап ыстықта денені салқындатып, электр қуатын екі есе аз тұтынады.
Жапонияда аптап ыстықтан қорғанудың жаңа тәсілі ұсынылды. SDRS компаниясы Do Hiemon Box деп аталатын ерекше құрылғыны жасап шығарды. Сыртқы түрі кофе автоматына немесе тұрмыстық тоңазытқышқа ұқсайтын бұл құрылғының ішінде азық-түлік сақтайтын сөрелер жоқ. Оның орнына адам кіріп, отырып салқындайтын арнайы орын қарастырылған.
Құрылғы дөңгелектермен жабдықталған, сондықтан оны қажетті жерге оңай жылжытуға болады. Ішінде температура шамамен 15 градус деңгейінде сақталады. Адам кабинаға кірген кезде салқындату жүйесі іске қосылып, ауа ағынының температурасы 5 градусқа дейін төмендейді. Салқын ауа бүкіл денеге біркелкі таралмайды, ең алдымен қатты қызатын мойын, желке, иық және арқа тұсына бағытталады.

Құрылғыны сынағандар бес минут ішінде жеңілдік сезінгендерін айтқан. Өндірушілердің мәліметінше, шамамен он минуттан кейін дененің қызуынан туындаған әлсіздік пен қалжырау да бәсеңдейді. Адамның шамадан тыс тоңып қалмауы үшін құрылғы 20 минуттан кейін автоматты түрде өшеді.
Қазіргі уақытта Do Hiemon Box негізінен заңды тұлғаларға ұсынылып отыр. Оны құрылыс компаниялары, өндіріс орындары, зауыттар, қойма кешендері және ашық аспан астында іс-шара ұйымдастыратын мекемелер сатып ала алады. Құрылғы кондиционер орнатуға мүмкіндік жоқ немесе ыстық жерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге мәжбүр адамдарға тиімді.

Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай құрылғы жасау идеясына Жапонияда кең таралған сауда автоматтары түрткі болған. Инженерлер сусындарды салқындату қағидасын адамға арналған шағын кеңістікке бейімдеген. Do Hiemon Box-тың ішкі көлемі ықшам және ол қысқа уақытқа ғана іске қосылады, сондықтан кәдімгі кондиционермен салыстырғанда электр қуатын шамамен екі есе аз тұтынады.
Жапонияда бұл бағытта тағы бір инновациялық шешім бар. LIXIL компаниясы серіктестерімен бірлесіп Human Refrigerator деп аталатын салқындатқыш костюм жасап шығарды. Ол құрылысшылар, курьерлер, жол қызметкерлері және күн астында ұзақ жұмыс істейтін мамандарға арналған. Киімге орнатылған шағын желдеткіштер сырттағы ауаны киімнің ішіне тартып, дене маңында тұрақты ауа қозғалысын қалыптастырады, бұл тердің булануын жылдамдатып, ыстықты жеңілдетеді.
Токиода тамыз айының ортасына дейінгі бір ай ішінде аптап ыстықтан шамамен 120 адам қайтыс болып, жаз бойы 63 мыңға жуық адам шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылдан бастап Жапонияда аптап ыстықта еңбек ететін қызметкерлерді қорғау талаптары күшейтілген. Құрылыс алаңдарында желдеткіші бар арнайы киім беру, кондиционер орнатылған демалыс орындарын ұйымдастыру және күн сәулесінен қорғайтын қалқалар қою міндеттелген. Do Hiemon Box қазірдің өзінде Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне жеткізілген.




