Жамбылда жылыту маусымында газдан улану оқиғалары азаймай тұр
Жамбыл облысында жылыту маусымында газдан улану мен өрт қаупі артып, биыл 707 өрт тіркеліп, 6 адам қаза тапты. Датчиктер орнату жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысында жылыту маусымы басталғанда тұрғын үйлердегі газдан улану мен өрт қаупі күшейеді. Әкімдік қызметкерлері жылу беру жүйелерін тексерумен айналысса, төтенше жағдайлар саласының мамандары газ желілері мен мұржалардың ақауларын анықтауда. Жыл сайын осы кезеңде бір отбасы газдан уланып немесе түтінге тұншығып қаза табады. Шенеуніктер себептерін түрліше түсіндіргенімен, салдары ауыр болып отыр.
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы жылыту маусымына дайындық қырағы жүргізілуде. Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі мен газдан уланудың алдын алу жұмыстары күн сайын өткізіліп келеді.
– Іс-шаралар барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар атқарылуда. Алдын алу жұмыстарын өткізу шеңберінде 3 222 тұрғын үй араланып, көппәтерлі, каркас-қамысты, тұрмыс жағдайы төмен үйлерге басты назар аударылуда. Барлығы 6 632 тұрғынмен әңгімелестік. Әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлеріне 150 датчик орнатылды. Оның ішінде улы газды анықтайтын датчик 127 дана болса, табиғи газды анықтайтын датчик – 23 дана. Бұдан бөлек, 2026-2027 жылғы жылыту маусымы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан улы және табиғи газды анықтау датчиктерін сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Жамбыл облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Құрмет Батырханұлы.
Алайда бұған дейін тендер арқылы алынған датчиктердің көбі жарамсыз болып, жергілікті билік өкілдері ақауы бар қондырғыларды кері қайтарған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қырағы бақылау қажет.
Жыл басынан бері облыс аумағында 707 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Өрттен 6 адам қаза тапқан, бұл да өткен жылға қарағанда өсімді көрсетеді. Материалдық шығын 64,35 млн теңгеге жеткен.
Тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам ауланы аралап, 2 225 жиын өткізген. Аралау барысында 596 мыңға жуық адамға нұсқау беріліп, 441 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылған.
Дегенмен, жыл басынан бері 707 өрт оқиғасы тіркеліп, 6 адамның қаза табуы алаңдатарлық көрсеткіш. Демек, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Жиындар өткізіп, жадынама таратқаннан гөрі құзырлы сала мамандары облыс, қала, аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, әр үйге газ бен өртті дер кезінде анықтайтын датчиктерді жаппай орнату тетігін тапқан жөн. Әйтпесе, бар мәселені қазына қаржысына қаратып қою оқыс оқиғаларды азайтпайды. Осыны салаға жауаптылар ескеріп, шешімін табады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы




