Жалған диплом жасатқандарға қандай жаза қарастырылған
Қазақстанда жалған диплом жасағаны үшін 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл, ал пайдаланғаны үшін 160 АЕК айыппұл және 40 тәулікке қамау жазасы қарастырылған.
Қазақстанда жалған дипломдарды дайындау және пайдалану үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, білім туралы жалған құжаттарды дайындау мен сату фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Осы жұмыстың нәтижесінде биыл интернет-ресурстардағы бірнеше парақша мен аккаунт бұғатталған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес, жалған құжат жасағаны үшін 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға қатыстыру, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға қатыстыру немесе 40 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қолданылады.
Қазіргі уақытта 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталған. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында жалған диплом жасатқан жаттықтырушы жазаланған болатын. Сондай-ақ министрлік дипломдардың заңсыз айналымын болдырмау үшін арнайы база құрған.



