Ясауи мұрасы балаларға анимациялық фильм арқылы жеткізілді
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығында Қожа Ахмет Ясауи туралы балаларға арналған «Ясауи атамыздың шын қазынасы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Ясауи атамыздың шын қазынасы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Балаларға арналған бұл туынды Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттауға бағытталған.
Фильм ғұлама хикметтеріндегі адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. Оның авторы Сұлтан Байсейіт Ясауитану ғылыми орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен әзірлеген.
Таныстырылымда музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жас ұрпаққа Ясауи мұрасын заманауи әрі түсінікті тәсілмен танытудың маңыздылығын атап өтті. Көрсетілімнен кейін оқушылар Ясауидің өмірі мен ілімі туралы сұрақтарға жауап беріп, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар балаларға естелік сыйлықтар табысталды.
Туындыны талқылауға ғалымдар, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жоба Ясауи іліміндегі мейірімділік, адалдық, ізгілік пен білімді балаларға кеңінен насихаттауды көздейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта музей-қорық осы бағыттағы танымдық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.




