Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Үштөбеде 1936 жылы салынған саябақ жаңғыртылып, халыққа қайта ашылды

Үштөбеде 1936 жылы салынған орталық саябақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңғыртылып, Республика күні қарсаңында халыққа қайта ашылды.

Үштөбеде 1936 жылы салынған саябақ жаңғыртылып, халыққа қайта ашылды
Сурет: aikyn.kz

Үштөбе қаласындағы 1936 жылы бой көтерген орталық саябақ ұзақ үзілістен кейін қайта жаңғыртылып, Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Бұл нысан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен 7 саябақтың бірі.

Ашылу рәсіміне аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар және жергілікті тұрғындар – барлығы 1,5 мыңға жуық адам қатысты. Іс-шарада аудан басшысы өңір әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», – делінген құттықтау хатта.

Сурет: aikyn.kz

Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен саябақтың жалпы аумағы 6,6 гектарды құрайды. Жаңартылған демалыс орнында спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адамдық амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар бар. Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен тарихты насихаттайтын «Жеті қазына» алаңы да орналасқан.

Жыл басынан бері мұнда 1 200 ағаш көшеті отырғызылды, оның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі енгізілген.

Айта кетейік, облыста 2022-2025 жылдары 40 саябақ жөндеуден өтсе, биыл 7 парк, 1 сквер және 4 аллея жаңартылуда.