Ұлттық ұлан әскерилері тағамның калориясын цифрлық жүйемен есептейтін болды
Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде «E-Qamqorlyq» жүйесі сынақтан өтуде.
Көкшетаудағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің қызметшілері тамақтану кезінде тұтынған ақуыз, май және көмірсу мөлшерін біліп, әр тағамға баға бере алатын болды.
Бұл деректер цифрлық талдауға жіберіліп, әскери қызметшілердің тағамға қатысты қалауын ескеруге және қажет болса ас мәзірін түзетуге мүмкіндік береді. Жүйе Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің тапсырмасымен енгізіліп жатыр. Оның жұмысын жасанды интеллект технологиясы қолданылатын отандық «E-Qamqorlyq» бағдарламалық-аппараттық кешені қамтамасыз етеді.
Ас үлестіру желісіндегі FoodPos құрылғысы жергілікті жасанды интеллект арқылы әскери қызметшінің ыдысындағы тағамды танып, көлемін анықтайды әрі калориясын, ақуыз, май және көмірсу мөлшерін көрсетеді.
Жүйеде кері байланыс тетігі де бар: тамақтанған соң әскери қызметші тағам сапасына баға береді. Белгілі бір тағамдар үнемі төмен баға алса немесе көп бөлігі желінбей қалса, бұл деректер келесі мәзірді әзірлеуде ескеріледі. Осылайша, әскери қызметшінің пікірі күнделікті тамақтануды жетілдірудің құралына айналады.
Пилоттық жобаның алғашқы айларында Q-Voice цифрлық кері байланыс панелі арқылы 1,5 мыңға жуық баға берілген.
Жүйе тамақтануды ұйымдастырудың басқа да процестерін қадағалайды: азық-түлікті сатып алу мен сақтаудан бастап, санитариялық талаптардың сақталуына және асхана қызметкерлерінің жұмысқа рұқсат нормаларына дейін. Атап айтқанда, Q-Store қоймадағы азық-түлік есебін жүргізіп, жарамдылық мерзімін бақылайды. Q-HACCP температура, ылғалдылық және санитариялық талаптардың сақталуын қадағалайды. Ал Q-Staff қызметкерлердің жұмыс уақыты мен медициналық рұқсаттарын бақылауға мүмкіндік береді.
«E-Qamqorlyq» жүйесі қазір 5510 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Жобаның тиімділігі дәлелденсе, бұл тәжірибені Ұлттық ұланның өзге де әскери бөлімдерінде қолдану жоспарланып отыр.




