Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ұлттық ұланда 500-ге жуық жұп бірге қызмет етеді

Құқықтық тәртіп әскерінде 500-ге жуық жұп бірге қызмет етеді. Ұлттық ұландағы әскери династиялар мен отбасылық дәстүрлер туралы.

Ұлттық ұланда 500-ге жуық жұп бірге қызмет етеді
Сурет: aikyn.kz

Құқықтық тәртіп әскері қатарында 500-ге жуық жұп Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр. Олар әскери антқа адалдықпен қызмет атқарып келеді.

Сурет: aikyn.kz

Солардың бірі – 5573 әскери бөлімінің батальон командирінің орынбасары майор Гайрат Утепов. Ол Ұлттық ұланда 15 жыл қызмет етіп, осы уақыт ішінде тәртіп пен жауапкершіліктің мектебінен өткен. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, маңызды іс-шаралар мен халық көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік – оның күнделікті жұмысы.

Сурет: aikyn.kz

Қызметтен тыс уақытта Гайрат отбасына көбірек көңіл бөлуге тырысады. Жұбайы Дилафрузбен бірге екі бала тәрбиелеп отырған ол үшін балаларының оқуы мен дамуына жағдай жасау – Отан алдындағы қызметтен кем түспейтін жауапкершілік.

Сурет: aikyn.kz

6636 әскери бөлімінің қарауыл бастығы 3-сынып сержанты Рүстем Сейітхановтың отбасында әскери династияның өзіндік тарихы бар. Оның әкесі Кеңес әскері қатарында ел қорғаған. Рүстемнің өзі Ұлттық ұлан сапында 22 жылдан бері қызмет етеді. Ал жұбайы запастағы сержант Гүлжанат Сейітханова құқықтық тәртіп әскерінде 20 жыл іс жүргізу маманы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан.

Сурет: aikyn.kz

Бұл отбасында әскери қызмет жай ғана мамандық емес, ортақ өмір салтына айналған. Төрт бала тәрбиелеп отырған Рүстем мен Гүлжанат үшін үйдегі ең қымбат сәт – отбасы мүшелерінің түгел жиналуы. Ән айтып, әңгімелесіп, балаларға көңіл бөлу – олардың отбасылық дәстүрі.

Жақында бұл шаңырақта тағы бір ерекше күн тумақ: олардың ұлы Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Осылайша, Сейітхановтар отбасы үшін әскери қызмет – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан нағыз әскери династия.

Бір қарағанда, Гайрат Утепов пен Рүстем Сейітхановтың қызметі – ел тыныштығын күзету. Бірақ олардың әрқайсысының артында сол тыныштықтың қадірін білетін өз шағын Отаны бар.