Ұлттық ұлан жауынгерлері халықаралық жарыстарда топ жарды
Ұлттық ұлан жауынгерлері Нұртас Әлібеков пен Асет Медеуов халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, спорттағы белсенділіктерімен көзге түсті.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері міндетті жаттығулармен шектелмей, бос уақыттарын да белсенді спортпен өткізеді. Олар жарыстар мен бұқаралық іс-шараларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Осындай жарқын үлгі — 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұртас Әлібеков.
Нұртас 8-9 тамызда Бурабай көлінде өткен X-WATERS Kazakhstan 2026 халықаралық жүзу жарысына қатысты. Бұл жарысқа әлемнің түрлі елдерінен кәсіби спортшылар мен әуесқойлар жиналды. Қатысушыларға 500 метрден бастап 8 000 метрге дейінгі қашықтықтар ұсынылды. Соңғысы ашық суда, көмекші құралсыз өту керек болды.

ҚР ІІМ-нің ARLAN спорт клубы атынан өнер көрсеткен Нұртас бірнеше санатта бақ сынады. 500 метрге жүзу ласталарымен жарыста ол үшінші орын алса, 3×500 метрлік командалық эстафетада оның командасы екінші болып мәреге жетті. Ал 8 000 метрлік қашықтықта, яғни Бурабай көлі арқылы Жұмбақтас жартасына дейін барып қайтуда, ол бесінші орынға ие болды. Бұл қашықтықты бағындыруды ол алдына жеке мақсат етіп қойған еді.
Осы нәтижелердің арқасында Нұртас GlobalSport.kz жылдық рейтингінде көшбасшылығын сақтап қалды. Қазір оның көрсеткіші 11 572 ұпайды құрап, бірінші орында тұр.

Сол демалыс күндері Ұлттық ұланның тағы бір өкілі — Бас жедел басқарманың аға офицері, подполковник Асет Медеуов те спорттық шараға қатысты. Ол 9 тамызда Астанада өткен IX Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне қатысты. Бұл іс-шара ағзаларын трансплантациялауды күтіп жүрген науқастарды қолдауға және донорлықты насихаттауға арналды. Жарысқа шамамен 7 мың адам қатысты. Подполковник Медеуов елорданың орталық көшелерімен 10 шақырым жүгіріп, жарысты ЭКСПО аумағында аяқтады.
Мұндай мысалдар әскери қызметшілер үшін спорттың тек қызметтік дайындықтың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар дене шынықтыру мен төзімділікті арттырудың маңызды жолы екенін көрсетеді. Демалыс күндерін әркім әртүрлі өткізеді: біреулер белсенді демалысты таңдаса, енді біреулер жүгіруге немесе бассейнге барады, ал кейбіреулер жарыстарға қатысады. Ең бастысы — алғашқы қадамды жасау.



