Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ұлттық ұлан сарбаздары Өскемен тұрғындарына мерекелік концерт ұсынды

Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің сарбаздары Өскемен қаласы күніне орай тұрғындарға мерекелік концерт ұсынып, танымал әндерді орындады.

Ұлттық ұлан сарбаздары Өскемен тұрғындарына мерекелік концерт ұсынды
Сурет: aikyn.kz

Өскемен қаласының мерейтойына орай Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің сарбаздары қала тұрғындарына арнап шағын концерт қойды. Үш әскери қызметшіден тұратын музыкалық топ қаланың бірнеше нүктесінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мерзімді қызметтегі сарбаздар тұрғындарды мерекемен құттықтап, халық арасында танымал әндерді шырқады. Әндерге елтіген жұртшылық та бірден қосылып, кейбірі ән салып, енді бірі билеп, мерекелік көңіл күйді одан әрі көтерді.

Үштіктің әр мүшесінің өнерде өзіндік жолы бар. Қызылорда облысынан келген қатардағы Нұрымжан Есмұрза түрлі ән байқауларында жүлделі орындарға ие болған. Ал Тараздан шақырылған Ердәуіт Жексенбек пен Ақәділ Тілеутай республикалық көркемөнерпаздар байқауларында үлкен сахнада өнер көрсеткен.

— Өнерлі сарбаздар триосы Өскемен тұрғындарының көңілінен шыға алды. Олар бірнеше күн бойы қаланың әр жерінде өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай шаралар әскери қызметшілер мен қала тұрғындары арасындағы сыйластықты нығайтып, қоғам мен әскерді жақындастырады, — деді 6699 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Мақсат Ахметов.

Айта кетейік, 6699 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткеріп жүрген сарбаздар арасында өнерге бейім жастар аз емес. Қала күніне орай олар бірнеше күн қатарынан Өскеменнің түрлі орындарында өнер көрсетіп, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты бұл бөлім Өскемендегі түзеу мекемелерін күзету міндетін атқарады.