Ұлан жауынгері өрттен екі баланы аман алып қалды
Ұлттық ұлан жауынгері Армат Абылғалиев көпқабатты үйде болған өрттен екі баланы құтқарып, оларды қауіпсіз жерге алып шықты.
Көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрттен екі баланы әскери қызметші құтқарып қалды. Бұл оқиға ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Армат Абылғалиевтің арқасында болды.
Ол үйінде болған кезде кіреберістен көмек сұраған дауыстарды естіп, дереу сыртқа шыққан. Баспалдақ алаңында қатты қорқып тұрған баланы кездестірген. Бала бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде өрт шығып, ішінде екі інісі қалып қойғанын айтқан.

Уақыт жоғалтпаған ұландық бесінші қабатқа көтеріліп, қалың түтінге қарамастан пәтерге кірген. Іште қалған балаларды тауып, оларды қауіпсіз жерге алып шыққан.
Балаларды құтқарғаннан кейін әскери қызметші болған оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлап, көршілерден көмек сұраған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар оттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаған. Оқиға орнына жеткен ТЖД қызметкерлері өрт ошағын ауыздықтаған.




