Премьер-Министр мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша тапсырмалар берді
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтерді дамыту үшін министрліктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеді. Ол ел өмірінің барлық саласына, азаматтарға және бизнеске қызмет көрсетуде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жөніндегі Президент тапсырмасын еске салды.
Премьер-Министр жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдауда ғана емес, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесін қалыптастыруда да пайдалану қажеттігін атап өтті. «Мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі проактивті шешімдер қабылдау қағидатына негізделуі тиіс. Бүгінде «Электрондық үкімет» порталы жаңғыртылып, жаңа eGov 3.0 платформасына көшірілді. Мемлекеттік органдар артық қадамдар мен құжаттарды алып тастап, қызметтерін осы платформа арқылы көрсетуі керек. Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді», — деді ол.
Олжас Бектенов Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, тиімділігі дәлелденген шешімдердің қолданылу аясын кеңейтіп, оларды тұрақты өнеркәсіптік пайдалану режиміне көшіру қажеттігін мәлімдеді.
Үкімет басшысы «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасын мысалға келтірді. Ол азаматтарға жұмысқа тезірек орналасуға, оқу курстарын таңдауға және онлайн режимде қолдау алуға мүмкіндік береді. «Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, аталған сервисті осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде іске қоссын», — деді ол.
Бизнеске арналған цифрлық құралдарға ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қызметтердің 60%-ы әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетіледі. «Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын», — деді ол.
«Электрондық лицензиялау» порталының жұмысындағы түйткілдерге тоқталып, рұқсат беру және лицензиялау жүйесін толық жаңғырту қажеттігін айтты. Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жұмысты 6 ай ішінде аяқтауға міндеттелді.
Премьер-Министр бес бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді. Біріншіден, мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді жаңа бірыңғай «QazTech» платформасына көшіру және интеграциялау үдерістерін жандандыруы қажет. Екіншіден, халыққа қызмет көрсету орталықтарын AI-офистерге трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Әкімдіктер Жасанды интеллект министрлігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп, бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.
Үшіншіден, азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейту жеткіліксіз, олар қажетті нәтижені жылдам алуы керек. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындау тапсырылды. Мысал ретінде көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығы туралы анықтама беру қызметтерін атады.
Төртіншіден, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтері инвестициялық жобаларға тікелей ықпал етеді. Бизнес нысандарын коммуналдық инфрақұрылымға қосу үшін көп уақыт жоғалтады. Ұлттық экономика министрлігіне монополия субъектілерінің қызметтерді цифрлық форматта көрсетуін қамтамасыз ету тапсырылды, бұл жұмысқа екі ай берілді. Сондай-ақ, наурыз айында аяқталған коммуналдық қызметтермен шарттарды проактивті бекіту пилоттық жобасы тоқтап қалғанын айтып, оны барлық өңірде толыққанды енгізуді тапсырды.
Бесіншіден, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын келісу жұмысы созылып кеткен. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жұмысты дереу аяқтап, бір апта ішінде Үкіметке тиісті қаулы жобасын енгізуді тапсырды. Аталған бес мәселе бойынша бақылау мен үйлестіру Жаслан Мәдиевке жүктелді.




