Үкімет отырысы: жұмысшы мамандықтар бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды
Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтар бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Еңбек министрі болжамдар мен шетелдік жұмыс күші мәселесін баяндады.
АСТАНДА Үкімет отырысы өтіп, онда жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қарастырылды. Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елдегі жұмыс күші жағдайы мен болашақта қажет болатын мамандар саны туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, бүгінде кадрлармен қамтамасыз ету экономиканың орнықты дамуының негізгі факторына айналған. Басты міндет – экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің білігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету. Осы принципке орай, жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері енгізілетін болады.
Қазіргі таңда елде жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды, оның 9,4 млн-ы жұмыспен қамтылған, яғни жұмыспен қамту деңгейі 96 пайызды көрсетіп отыр. Алдағы уақытқа жасалған болжам бойынша, 2035 жылға дейін экономикаға қосымша 2,9 млн кадр қажет болады, оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша – 1,8 млн адам.
Еңбек нарығының өзгеруі
Министр ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасқанын атап өтті. Сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылып жатыр. Олардың қатарында инженерия, құрылыс, өндеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика бар.

Технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын айтарлықтай өзгертіп, кейбір мамандықтардың жойылуына әкелуі мүмкін. Мысалы, мәтінді өңдеуші, теруші, деректерді енгізу жөніндегі қызмет және корректор сияқты мамандықтар қатары қысқаруы ықтимал. Болашақта кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланып, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады деп күтілуде.
– Бұл жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі озық қарқынмен жұмыс істейді. Экономика салаларында перспективті мамандықтар алдын ала айқындалып, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары жедел жаңартылады, – деді Асқарбек Ертаев.
Шетелдік жұмыс күшінің себебі
Жыл басынан бері электрондық биржа порталында жұмыс берушілер 845 мың бос жұмыс орнын жариялаған, соның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Қазақстан азаматтары бос орындардың 60-70 пайызына орналасады, ал қалған 30-40 пайызына адам табылмайды. Осыған байланысты жұмыс берушілер шетелден маман тартуға мәжбүр.
– Жыл сайын елімізге 300 мыңдай шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Бұл мәселе бойынша әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді министр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мансап орталықтарының жұмысын өзгерту үдерісі жүргізіліп, цифрлық жүйе енгізілуде.

Ғылым министрлігінің жобалары
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру бағдарламаларына ауқымды жаңартулар енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Кадрлар даярлаудың озық жүйесін қалыптастыру мақсатында 20 өңірлік карта әзірленіп, онда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалған және қолданыстағы мамандықтардың трансформациясы көрсетілген.
– Еңбек функциясының өзі өзгеріп жатыр. Энергетик IT-энергетикке, агроном цифрлық агрономға айналуда. Цифрлық егіздер және өндірістік процестерде жасанды интеллектті қолдану бойынша мамандар пайда болуда. Міндет – бұл өзгерістерді араға уақыт салмай білім беру бағдарламаларына енгізу. 2026 жылы Жаңа мамандықтар атласы негізінде 1 983 білім беру бағдарламасы жаңартылды, ал 2022 жылы небәрі 7 бағдарлама ғана болған еді, – деді министр.
Мысал ретінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жүйелерін атап өтті. Бұл салада 8 жоғары оқу орнында мамандар даярланып, қазір 430 студент азаматтық авиация, аэроғарыштық инженерия, жерді қашықтықтан зондтау және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттары бойынша білім алуда.
Сонымен қатар, дуалды оқытуға баса мән берілуде. Бүгінде 76 жоғары оқу орнының 50 мың студенті 6 мың кәсіпорын базасында дуалды оқытудан өтіп жатыр. Мысалы, Қостанай облысының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары базасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 138 студенті білім алып, биыл 62 студент жұмысқа орналастырылды. Автомобиль жасау инжинирингі бағдарламасы Industry 4.0, жасанды интеллект және Big Data, робототехника, мехатроника, заманауи материалдар мен үнемді өндірісті қамтиды.
Биыл барлық жоғары оқу орнында инженерлік дайындық бойынша Work-Based Learning (жұмыс орнында оқыту) бағдарламасы кеңейтіледі. Нақты өндірісті университет инфрақұрылымына қосу мысалы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде көрініс тапқан. Оқу-өндірістік полигонында 15 оқу аймағы құрылып, кәсіптік жабдықтары бар 3 ұңғыма жұмыс істейді. Студенттер толық технологиялық циклді үйреніп, көмірсутектерді барлау, өндіру, дайындау және тасымалдауды меңгереді.
Министр мұндай алаңдарды экономиканың негізгі салаларында кәсіпорындармен бірлесіп дамыту қажеттігін атап өтті.




