Түркістанда трансшекаралық өзендердің суын әділ бөлу мәселесі талқыланды
Түркістанда Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 94-отырысы өтіп, трансшекаралық өзендердің суын әділ бөлу мәселелері талқыланды.
Түркістанда Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 94-отырысы өтіп, онда Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиынға төрт елдің су министрлері мен су саласындағы мамандар қатысты.
Су – шекарамен шектелмейтін ортақ табиғи ресурс. Сондықтан трансшекаралық өзендердің суын әділ бөлу, су қоймаларының жұмыс режимдерін өзара келісу және нақты гидрологиялық мәліметтермен тұрақты алмасудың маңызы зор. Жиында тараптар вегетацияаралық кезеңде Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерін талқылады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов соңғы жылдары су дипломатиясы саласында жүйелі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде биылғы вегетацияаралық кезеңде ағын су жеткілікті болды.
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде 2,8 млрд текше метр су келуі болжанып, хаттама бекітілген еді. Қазірдің өзінде 3 млрд текше метрден астам су келді. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарын егінге қажетті сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Арал теңізі мен көлдер жүйесіне су беруге мүмкіндік береді.
Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров трансшекаралық өзендер бойынша мемлекетаралық келісімдердің уақтылы әрі толық орындалуы облыс үшін аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, облыстың су шаруашылығы көршілес мемлекеттерден келетін суға айтарлықтай тәуелді. Өңірге тиесілі су ресурстарының шамамен 63 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Осы су көздерінің есебінен 315 мың гектар суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Тараптар бүгінгі басқосу трансшекаралық су ресурстарын өзара келісім негізінде тиімді басқаруға, су бөлу тәртібін жетілдіруге және мемлекетаралық су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.




