Түркістанда педагогтердің тамыз кеңесі: білім саласының жаңа міндеттері талқыланды
Түркістанда педагог қызметкерлердің тамыз кеңесі өтіп, білім саласының нәтижелері мен алдағы оқу жылына арналған міндеттер талқыланды.
Түркістан қаласында «Жаңа халықтық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тақырыпта педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов, қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен мұғалімдер, құқық қорғау органдарының және мүдделі мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ салалық кәсіподақ мүшелері қатысты.

Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындылары шығарылып, білім беру саласындағы жетістіктер мен алдағы оқу жылына арналған міндеттер талқыланды. Педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына және білім жүйесін жетілдіру бағыттарына ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта Түркістан қаласында 83 мектеп жұмыс істейді, оның 38-і мемлекеттік, 43-і жекеменшік, ал 2-уі облыстық мектеп. Білім ұйымдарында 60 265 оқушы білім алуда. Сонымен қатар қалада 160 балабақша бар, оның 21-і мемлекеттік, 139-ы жекеменшік. Балабақшаларда 18 210 бала тәрбиеленуде.

2025-2026 оқу жылында 11-сыныпты 3 262 түлек аяқтады, оның 2 673-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. «Алтын белгі» иегерлерінің саны 243 түлекке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 65-ке артты. «Үздік аттестат» иегерлері – 251 түлек. ҰБТ-ның орташа балы 81,12 құрайды.

Жиын соңында 2025-2026 оқу жылында елеулі нәтижелерге қол жеткізген педагогтерге Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының және Түркістан қаласы әкімі мен облыстық басқарма басшысының марапаттары табысталды.





