ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
Түркістанда Құрылысшы күніне арналған салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі сала мамандарын марапаттады. Өңірде құрылыс көлемі 25,5 пайызға артқан.
Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде Құрылысшы күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Кәсіби мерекеге арналған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сала ардагерлері, мамандар мен жас құрылысшылар қатысты.

Іс-шара аясында құрылыс саласында қолданылатын заманауи техника, құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары мен арнайы аппараттар көрмеге қойылды. Облыс әкімі ардагерлермен бірге көрмені аралап, жаңа жетістіктермен танысты.

Салтанатты жиында Нұралхан Көшеров құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, саланың ел дамуындағы маңызын атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылыс саласына ерекше мән беретінін, тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар сапа мен қауіпсіздікке басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ саланы цифрландыру мен ашықтықты арттыру негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.

Әкім биыл жаңа Құрылыс кодексінің қабылданғанын еске салып, бұл құжат саланың сапалы әрі ашық дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркістан облысында ауқымды құрылыс жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Өңіріміздің өркендеуі, сәулеті мен келбеті – құрылыс саласының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір әлеуметтік нысан, тұрғын үй, өндірістік және инфрақұрылымдық жоба – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі», – деді Нұралхан Көшеров.

Сондай-ақ облыс әкімі биыл Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін еске алып, қаланы түрлендіруде құрылысшылардың еңбегі ерекше екенін айтты. «Тайқазан» мен «Киіз үй» кешені қала символына айналғанын мысалға келтірді.

Жиын барысында облыс басшысы саланың дамуына үлес қосқан бірқатар маманды марапаттады. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те еңбегімен дараланған мамандарға марапаттар табыстады. Ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олар жас құрылысшыларға «Құрылыс кодексін» салтанатты түрде табыстады.
Мерекелік кеште облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, ән мен күйден шашу шашылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 6 айының қорытындысымен өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, 25,5 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 475 мың шаршы метрге жетіп, өсім 8,3 пайызды құрады.




