Түркістан облысындағы «Түлкібас» вокзалы жаңғыртылды
Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Жаңа кешен тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетеді, 90 орындық күту залы бар.
Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты хабарлады.

Стансаның тарихы ғасырдан асады — алғашқы ғимараты 1916 жылы бой көтерген. Жаңа вокзал кешені тәулігіне 200-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Ғимаратта 90 орындық күту залы қарастырылған, бұл бұрынғыдан екі есе көп. Сондай-ақ кассалар, анықтамалық бюро, тамақтану пункттері және қызметтік үй-жайлар жұмыс істейді.

Кедергісіз орта құруға ерекше мән берілген. Мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған аймақтар жасалып, лифт орнатылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі жабдықталған.

Реконструкция барысында ұзындығы 540 метрлік перрон платформасы жаңартылды. Іргелес аумақта абаттандыру және көгалдандыру жүргізіліп, бейнебақылау мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Жаяу жүргіншілер көпірі де реконструкцияланды.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі вокзалдарды қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлығы 124 нысанды жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 72 вокзал пайдалануға берілсе, тағы 49-ын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы тарихи-архитектуралық құндылығы бар үш ірі вокзал жеке блок ретінде қарастырылған. Оларды жаңғырту тарихи келбетін сақтай отырып, келесі жылы аяқталады.




