Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
16 қазан 2026, жұма USD 454,1 EUR 509,2 RUB 5,41 CNY 67,9 Астана -2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тұрғын үй құрылысы: рекорд пен нарықтағы құлдырау қатар жүр

Тұрғын үй құрылысы: рекорд пен нарықтағы құлдырау қатар жүр
Сурет: aikyn.kz

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда 118 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тек 2025 жылы ғана 20,1 млн шаршы метр баспана салынды. Халық саны 20,5 млн адамды құрайтынын ескерсек, әр тұрғынға жылына шамамен бір шаршы метр жаңа үйден келеді. Бұл көрсеткіш құрылыс индустриясының өндірістік әлеуетінің артқанын және тұрғын үй қорын жаңарту мен кеңейтуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Былтыр 185,8 мың жаңа пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 448 571 мәміле тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Бұл нарық ауқымының кеңейгенін аңғартады.

Алайда 2026 жылғы деректер нарықта өзгерістер барын көрсетіп отыр. Қыркүйекте елімізде 35 406 тұрғын үй мәмілесі жасалды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға аз. Алғашқы тоғыз айдың қорытындысында мәмілелер саны 5,6%-ға төмендеген. Астанада қыркүйектегі жылдық төмендеу 29,2%-ды құрады.

Мұндай өзгерістерді тұрғын үйге сұраныстың жоғалуымен тікелей байланыстыруға болмайды. Нарықтағы белсенділікке баспана бағасы, ипотекалық несие шарттары, халықтың табысы және сатып алушылардың қаржылық мүмкіндіктері қатар әсер етеді. Сондықтан құрылыс көлемін ұлғайтумен қатар халықтың тұрғын үй сатып алу әлеуетін өсіру де маңызды.

Бұл бағытта үкімет тұрғын үй саясатын жүйелі дамытып келеді. Халықтың баспана алуына ипотекалық бағдарламалар елеулі ықпал етіп отыр. Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2025 жылы банктер 2,4 трлн теңгеге жаңа ипотекалық несие берген. Оның 74%-ы «Отбасы банк» бағдарламалары мен «7-20-25» жүйесіне тиесілі.

Бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының азаматтар үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Мыңдаған отбасы осы тетіктер арқылы баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Нарықтық ипотеканың үлесін біртіндеп арттыру, банктер арасындағы бәсекені күшейту және тұрғын үйге арналған қаржы құралдарын әртараптандыру саланың тұрақты дамуына қосымша серпін бере алады.

Баспанаға қолжетімділік жалпы экономикалық өсіммен де байланысты. Соңғы 7 жылда республиканың жалпы ішкі өнімі 28,9%-ға ұлғайды. Алдағы уақытта экономикалық дамудың нәтижесін халықтың сатып алу қабілетін арттыруға бағыттау ерекше мәнге ие болмақ. Нақты жалақының өсуі, инфляцияның бәсеңдеуі тұрғын үй нарығындағы сұранысты нығайтудың негізгі алғышарттары болмақ.

Қазақстан жылына 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салуға қабілетті екенін көрсетті. Бұл – құрылыс индустриясының ғана емес, ел экономикасының да маңызды жетістігі. Ендігі кезеңде осы жетістіктерді халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау қажет.

Осы орайда Мәскеудің бұрынғы вице-мэрі Владимир Ресиннің «ақша болса, ақымақ та салады, ал сен ақшасыз салып көрші» деген сөздері құрылыстың экономикалық тиімділігін мемлекеттік қаржыдан бөліп қарау керектігін дәл сипаттайды.

Біздің елімізде қаржы бар, құрылыс салатын жер бар. Құрылыс материалдарының басым бөлігі өзімізде шығарылады, құрылыс компаниялары да жеткілікті. Ендігі мәселе – үкіметтің осы ресурстар мен қаржылық-экономикалық тетіктерді дұрыс пайдаланып, Қазақ Елінде баспанасыз отбасын болдырмау міндеті ғана. Экономиканың өсу қарқыны мен халық табысының өсімі қатар жүрген жағдайда бүгінгі рекордтар ертеңгі әлеуметтік игілікке айналары сөзсіз.