Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 қазан 2026, сенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Төртінші мұнай өңдеу зауыты: шешім 2026 жылдың соңына дейін қабылданады

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталуда.

Төртінші мұнай өңдеу зауыты: шешім 2026 жылдың соңына дейін қабылданады
Сурет: aikyn.kz

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы жаңа серпін алды.

Президент мұнай өңдеу саласын күрделі жағдайда қабылдап алғаны белгілі. Бұрыннан жиналған түйткілдер стратегиялық сектордың дамуын тежеп, жыл сайын бензин дағдарысын туғызатын. Саланы ретке келтіру үшін құзырлы органдарға тексеру жүргізу тапсырылды. 2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев алдын ала нәтижелерді жариялады. Оның мәліметінше, 2018 жылы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталып, мемлекет 2 триллионнан астам теңге жұмсаған.

– Бұл жерде бізде үлкен проблема бар! Осыдан кейін жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының мерзімі 45 күннен 20 күнге дейін қысқарады, ал зауытты жөндеуге толық тоқтату үш жылда бір рет қана жүзеге асырылады деп күтілді. Алайда содан кейін жөндеу жұмыстарының саны да, жүргізу мерзімдері де, апатты тоқтатулар саны да азайған жоқ. Соның салдарынан жанар-жағармай материалдарының тапшылығы үнемі туындап, бағасы өседі. Тек биылғы жыл басынан отын бағасы 13%-ға қымбаттады. Оңтүстік өңірлеріміз жанар-жағармайды талонмен босатуға мәжбүр болып отыр, – деді Қ.Тоқаев.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апатқа кінәлілерді жазалау жүктелді. Энергетика министрі мен басқа да тұлғаларға сөгіс жарияланып, өзге де жауапкершілік арқалады. Саладағы ахуал қатаң бақылауға алынды. Мемлекет басшысы жөндеуаралық кезеңдерді ұзартуды және баға ауытқуын төмендету үшін демпферлер құруды тапсырды. Ол «қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында қаражатты жылыстатуға қатысты көптеген сұр схема барын» мәлімдеп, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Есеп комитетін шара қабылдауға міндеттеді.

2022 жылғы 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселе қайта көтерілді. Президенттің тапсырмасымен МӨЗ-дер қызметіне жаппай тексеру жүргізілді. 2020-2021 жылдары жоспардан тыс тоқтап қалудың 410 фактісі тіркелген: Атырау мұнай өңдеу зауытында – 372, Павлодар мұнай-химия зауытында – 14, Шымкент мұнай өңдеу зауытында – 24.

Содан бері саладағы жағдай біршама түзелді. 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев «қара алтынды» шетелге шикізат түрінде шығара бермей, барынша тереңірек өңдеп, дайын тауарға айналдыруды қадап тапсырды. Қазақстанда жылына 100 млн тоннаға дейін мұнай өндіріледі, бірақ елде соның тек 18 миллионы ғана өңделеді.

– Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосинде де импортқа тәуелдіміз. Сондықтан Үкімет жаңа, 4-ші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, ол МӨЗ-ге шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға жеке инвестор тарту керек. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Меніңше, жобаның құнын мұқият есептеген абзал, – деді Президент.

Мемлекет басшысының биылғы кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларының орындалу барысы жуырда Үкіметте өткен кеңесте жеке қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға 2026 жылдың соңына дейін төртінші МӨЗ-ді салу мәселесін кешенді бағалауды аяқтауды, оның оңтайлы қуатын, конфигурациясын, шикізат базасын, орналасу орнын және экономикалық моделін айқындай отырып, түпкілікті шешімдер қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар орта және ұзақмерзімді перспективада ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін саланың өндірістік әлеуетін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді. Жауапты меморгандар мен мүдделі ұйымдарға мұнай өңдеу қуаттарын кеңейту жобаларын тұрақты бақылауда ұстау, мерзімдердің кешіктірілуіне жол бермеу және нысандардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету жүктелді. Мұнай өнімдеріне деген ішкі сұраныстың ұлғаюын ескеріп, «қара алтынды» өңдеуді одан ары тереңдетуге ерекше назар аударылды.

«Мұнай өңдеу қуатының артуы ішкі нарықтағы ЖЖМ бағасының тартымдылығымен тікелей байланысты. Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы көрші елдердегіден екі есе төмен болғандықтан, мұнай өңдеу саласына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан нарықты ырықтандыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Бұл – экономикалық қауіпсіздік мәселесі», – деп атап өтті О.Бектенов. Демек, Үкімет ішкі бағаларды жасанды түрде арзандау деңгейде сақтап қалу тәжірибесінен біртіндеп бас тартады.

Салаға жауапты тұлғалар 4-ші зауытты салмас бұрын, алдымен қолданыстағы МӨЗ-дерді жаңғыртып, қуатын арттыру арқылы қарқынды өскен сұранысты өтеу идеясын ілгерілетіп жатқаны мәлім. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, Шымкент МӨЗ-інің қуатын жылына 6 млн тоннадан 2030 жылға қарай 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар МХЗ-ның қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Атырау МӨЗ-інде «Тиімділікті арттыру жобасы» қолға алынған: бұл жоба аясында зауыттың өндірістік қуаты 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Ресми мәлімет бойынша, жұмыс істеп тұрған үш МӨЗ-ді кеңейту жобалары олардың жиынтық қуатын жылына 18 миллионан 29,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, 11,2 млн тонна қосымша көлем пайда болады. Үкімет осы жоспарын толыққанды орындай алса, елде жаңа МӨЗ іске қосылғандай әсер бермек.

Бірақ бұл жаңа зауыт тұрғызу бастамасынан мемлекеттің бас тартқанын білдірмейді. Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев 4-ші МӨЗ салу мәселесі әлі де пысықталатынын жеткізді. Оған деген қажеттілік бәрібір туындайды. Себебі Энергетика министрлігінің болжамынша, ұзақмерзімді перспективада елдің мұнай өңдеу қуаттылығына деген қажеттілік жылына 40 млн тоннаға жетпек.

Бұл ретте жаңа МӨЗ тек ЖЖМ шығарумен шектелмей, мұнайды барынша терең өңдейтін алып кәсіпорынға айналады деп күтіледі. Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мұның жай МӨЗ емес, «жаңа, ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешені» болатынын жеткізді. Сонда Қазақстан қолданыстағы үш МӨЗ-ді кеңейту және жаңа кешенді салу есебінен мұнай өңдеудің жиынтық қуатын болашақта жылына 38-40 млн тоннаға дейін ұлғайта алатын болады.

– Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін ол орналасуы мүмкін 4 ықтимал облысқа бағалау жүргізіледі. Содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады. Оның жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін мұнайды өңдеуге жарайды, – деді Дәулет Арықбаев.

Энергетика министрлігі жаңа кешеннің құрылысын тездетіп, 2033 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін (пред-ТЭН) әзірлеу аяқталуға таяған. Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы 4 әлеуетті алаңға салыстырмалы талдау жүргізіліп жатыр. Өңірді түпкілікті таңдау осы жылдың соңына дейін тәмамдалуға тиіс.

ЭМ Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің басшысы Шымкент МӨЗ-інің қуатын 12 млн тоннаға дейін арттыруды көздейтін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін қытайлық CNPC-нің Шығыс-Қытай жобалау институты әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Павлодар мұнай-химия зауытының жылдық қуаты 2031 жылға қарай 9 млн тоннаға дейін, ал Атырау МӨЗ-інде кезең-кезеңімен, 2028 жылға қарай 6,7 млн тоннаға дейін арттырылады. Президент тапсырғандай, кәсіпорында жөндеуаралық кезең 3 жылдық циклге көшірілмек.

Қуаты артқан зауыттарға көбірек «қара алтын» керек болады. Шикізат оларға теміржол не автоцистерналармен емес, тікелей құбырмен тасымалданады. Мұнай өңдеу қуаттарының артуына дайындық аясында Үкімет отандық зауыттарды қажетті көлемде шикізатпен қамту үшін мұнай жеткізуші инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр.

«Атап айтқанда, кеңейтілетін Шымкент МӨЗ-і үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту, 5 жаңа мұнай айдау стансасын салу және ұзындығы 189 шақырымдық лупинг тарту мәселесі пысықталу үстінде. Кенқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал Кенқияқ Құмкөл учаскесінің өткізу мүмкіндігін жылына 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Жобаны Қытаймен бірге тең, паритеттік негізде іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр», – деді министрлік өкілдері.

Жалпы, Қазақстан мұнай өңдеуді дамытуды үдетті. 2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаға дейін өсіп, жоспардан 4,5%-ға жоғары болды. Мұнай өнімдерін өндіру 15,47 млн тоннаны құрап, жоспарлы көрсеткіштен 6,3%-дан асты. 2026 жылы 15,49 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр.

Саланы одан әрі дамыту мақсатында Үкімет 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжаттың негізгі міндеті – мұнай өңдеу қуаттарын едәуір арттыру және қолданыстағы МӨЗ-дердің тиімділігін жоғарылату. Сондай-ақ мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру, мотор отындарын өндіру көлемін ұлғайту және мұнай-химия саласын дамыту қарастырылған. Бұдан өзге мұнай өнімдерінің сапасын экологиялық К4-тен К5+ стандартына дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Осы жобалар Қазақстанға біріншіден, мұнай өңдеу көлемін едәуір ұлғайтуға, екіншіден, отандық шикізатты тиімді пайдалануға және терең өңдеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ішкі және сыртқы нарыққа саудаланатын отандық мұнай өнімдерінің ассортименті артады. Төртіншіден, жекелеген өнім түрлері бойынша өзге мемлекеттерге тәуелділік азайтылады.

Қорыта айтқанда, мұнай өңдеуді дамыту – Қазақстанның қара алтын өндіру саласын трансформациялаудың негізгі бағытының бірі. Мұнда негізінен шикізаттық модельден толық өндірістік цикл қалыптастыруға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға басымдық берілмек.