Торт пен ботқаға жасырылған телефондар: екі қалада заңбұзушылық анықталды
Өскемен мен Атыраудағы түзету мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу әрекеттерінің жолы кесілді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Өскемендегі №17 түзету мекемесінде бір ер адам сотталған азаматқа екі ұялы телефон өткізбек болған. Ол телефондарды торттың ішіне жасырып, тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан.
Құқық бұзушылықты Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің бақылаушысы анықтаған. Ол тексеру кезінде азық-түліктің салмағына күмәнданған.
«Бір қарағанда, бұл кәдімгі торт еді. Бірақ қолыма алғанда салмағы әдеттегіден ауыр екенін байқадым. Бірлескен тексеру кезінде тағамның ішінен екі ұялы телефон мен екі SIM-карта табылды», – деді кезекші бақылаушы ефрейтор Азат Жанабаев.
Өскемен қаласының тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданды.
Атыраудағы №15 мекемеде де осындай оқиға тіркелді. Әскери қызметшілер сотталған азаматқа арналған сәлемдемеден тыйым салынған заттарды тапты. Бұл жолы олар піскен қарақұмық ботқасының ішіне жасырылған: үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш құрылғы.
Мұндай жағдайлар әскери қызметшілер мен ҚАЖ қызметкерлерінің сәлемдемелерді, әсіресе азық-түлік өнімдерін тексеруге ерекше мән беретінін көрсетеді. Қырағылық пен үйлесімді жұмыстың арқасында мекемелерге тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттері дер кезінде анықталып отыр.



