Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +18° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев сирек металдарды барлау мен өңдеуді күшейтуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сирек металдарды барлау мен өңдеуді күшейтуді тапсырды.

Тоқаев сирек металдарды барлау мен өңдеуді күшейтуді тапсырды
Сурет: inform.kz

Астанада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, онда аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ресурс және өндіріс әлеуеті бойынша Орталық Азияда алдыңғы қатарда екенін атап өтіп, бұл мүмкіндікті мемлекет мүддесіне пайдалану қажеттігін жеткізді.

«Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр», — деді Президент.

Сондай-ақ ол дүние жүзінде аса маңызды материалдарға қол жеткізуде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп жатқанын, бұл бағыттың жоғары технологиялық салаларды дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар екенін айтты. Осыған байланысты Қазақстан қолда бар ресурстар мен өнеркәсіп әлеуетін тиімді пайдаланып, өз мүмкіндіктері мен өндіріс тізбегін дәйекті түрде дамытуы тиіс.

Жиын барысында Үкімет мүшелері саланың ағымдағы жай-күйі, ресурс қорын игеру перспективасы, қайта өңдеу бағытын дамыту және кедергілер туралы есеп берді.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға саланы дамытуға қатысты жүйелі көзқарас қалыптастыру, реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлау мен өңдеу ісін дамыту, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға қосу, зертханалар базасы мен кадрлар құрамын нығайту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.