Тоқаев: Табиғатты сақтау – халық пен әлем алдындағы жауапкершілік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау және жаңа Конституциядағы экологиялық қағидаттар туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігін атап өтіп, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрғанын еске салды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президенттің айтуынша, табиғат байлығын сақтау – халық пен халықаралық қоғамдастық алдындағы борыш пен жауапкершілік. Ол бұл құндылықтардың Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапқанын атап өтті.
«Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады», – деді Президент.




