Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА ТАБЫСТАДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА ТАБЫСТАДЫ
Сурет: inform.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет: inform.kz

Марапаттау рәсімінде көрнекті суретші Бәтима Зәуірбекова «Отан» орденімен, әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденімен, мемлекет қайраткері Александр Судьин II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Сондай-ақ актер әрі театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Сурет: inform.kz

Президент марапат иелерін құттықтап, олардың ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды. Ол Бәтима Зәуірбекованың отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіби маман атанғанын атап өтті.

Сурет: inform.kz

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сурет: inform.kz

Сондай-ақ Президент Тұрсын Жұртбайдың төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз, – деді Мемлекет басшысы.