Тоқаев Мелониді Италия тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен үкіметпен құттықтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасының Премьер-министрі Джорджа Мелониді оның үкіметінің Италия тарихындағы ең ұзақ қызмет атқарған үкіметке айналуымен құттықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Италия Республикасының тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет атқарған Үкіметтің құрылуына байланысты Премьер-Министр Джорджа Мелониге шын жүректен жылы лебізімді білдіремін. Оның парасатты әрі батыл басшылығы, Италияның ұлттық мүдделері мен абыройын қорғауға деген берік ұстанымы ел экономикасының тұрақты дамуына және халықаралық аренадағы беделінің нығаюына ықпал етті. Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыруға ниеттімін. Премьер-министр Мелониге жоғары мемлекеттік қызметінде толағай табыс, ал Италия халқына одан әрі өркендеу мен ілгерілеу тілеймін», — деп жазды Президент.
4 қыркүйекте Джорджа Мелони басқаратын Италия министрлер кабинетінің үздіксіз жұмыс істегеніне 1413 күн толып, бұл Сильвио Берлусконидің екінші үкіметінің қызмет ету мерзімінен асып түсті. Осылайша Мелони үкіметі Италияда билік басында болу мерзімі бойынша рекорд орнатты.
Джорджа Мелони үкіметі 2022 жылғы 22 қазанда ант қабылдаған. Бұған дейінгі рекорд Сильвио Берлусконидің екінші үкіметіне тиесілі еді. Ол 2001 жылғы маусымнан 2005 жылғы сәуірге дейін, яғни 1412 күн билік етті.
Былтыр мамыр айында Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Мемлекет басшысы Ақордада Джорджа Мелониді қарсы алып, келіссөздер жүргізген болатын. Елордада өткен «Италия — Қазақстан» іскерлік форумында екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды. Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атады.




